Еліміздің жас өнертапқыштары Мәскеуден жүлдемен оралды

Еліміздің жас өнертапқыштары Мәскеуден жүлдемен оралды
Фото: egemen.kz

Қазықстандық бір топ жас ғалы-инженерлер робот техникасы бойынша Мәскеуде өткен "LEAS Russia & Kazakhstan EV3 robotics challenge" байқауында жеңімпаз болды.

Мәскеудегі "Kids City» ("Балалар мамандықтарының қаласы") білім беру-сауықтыру жобасы алаңында өткен жарыста еліміздің жас өнертапқыштары – Румейса Варол, Төлеутай Қасенов, Кирилл Табачников, Имран Мухаммад және Валерия Примаченко өздеріне жүктелген "жердің тірек орбиталарында ғарыштың ірі қалдықтарын іздеу, жинау және кәдеге жарату болып табылатын, автономдық роботтарды жинау және бағдарламалау" бойынша күрделі тапсырмаларды мінсіз орындап қазылар алқасының қошеметіне бөленген.

Халықаралық біріншілікте жүлдегер атанған №56 гимназияның 5-сынып оқушысы Төлеутай Қасенов: "Екі жыл бұрын жазғы демалыста лагерьге бардым. Сонда кішкентай роботтарды құрастыратын үйірмені көрдім. Робот құрастыруға деген қызығушылық осылай пайда болды. ЛЕГО робот үйірмесіне барғаныма алты ай болды. Бұрын мотормен оқытатын курстарға қатыстым. Бірақ ол нағыз лего емес еді. Үйірмеде Тимур ағайдан сабақ алдым. Ағайдың сабақ түсіндіргені, техниканы көрсеткені маған бірден ұнады.

Анама "Төлеутайды сабақтан қалдырмаңыз, өзім оқытып, жарыстарға апарамын" депті. Сабақтан қалмауға тырыстым. Мəскеудегі конкурсқа екі ай дайындалдық. Біз тақырыпты кейін естідік. Ал мəскеулік оқушылар тақырыпты алдын ала біліп, дайындалып үлгеріпті. Космостың орбитасы салынған Жер, Ай, жұлдыз жəне Марс бар. Орбитаның бойымен робот жүріп, космостағы сəлемдемені біреуін Айға, біреуін Марсқа апаруы керек. Тапсырма екі сағатта орындалуы тиіс. Тапсырманы уақытында орындап, 3-орын алдық. Бізге ұпай үшін қосымша тапсырма берді. Тез орындап, жүлделі орынға іліктік. Румейса екеуміз бір топта болдық. Мəскеуліктер біз құрастырған роботтарға таңғалды.

Робототехника – бүкіл ғылымның жемісі. Əр сабақта əртүрлі робот құрастырамыз. Ұшақ секілді робот құрастырдық. Пультпен жоғары-төмен ұшыруға, бұруға  болады. Өнерлі робот та бар. Ол алуан түсті дауылпазды ұрғанда, түрлі дыбыстар шығарады. Біз сабақты жақсы оқып, техниканы терең меңгеретін болсақ, мүмкіндік те мол болмақ. Роботтар ауыр жұмысты атқарып, тамақ жасап, жұмысшы мамандықты игеретін еді," – дейді жас робототехник.

Сондай-ақ, қарқынды дайындалудың үш айының шарықтау шегі болған ең үздік робот конструкторларының титулы үшін қиын күресте Пермь, Екатеринбург, Железнодорожный және Красногорск қалаларының мектеп оқушылары лайықты өнер көрсетті. Конкурс "Жер маңайындағы ғарыштық кеңістікті бірге тазалайық!" ұранымен, кіші (он жасқа дейінгі) және үлкен (он жастан үлкен) екі жас категорияларында өтті.

Т. Раушанұлы