Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар – Т9

Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар – Т9
Фото: massaget.kz

Бал тілі былдырлап енді шыққан баладай бұл өмірден сұрарымыз көп. Адам санасының ойлау шекарасына дейінгіге жауап табамыз. Ал, арғысы құпия болып қала береді. Сұрақ туындаған жерде өзгеріс, ілгері басу, даму байқалады. Себебі, оған орынды жауап табу үшін көп талпыныс, ізденіс қажет.

Ата заманнан бабамыз қандай да бір сұрақтың шешімін таппай дал болса, екі ел арасында дау туса мәселенің сұрағына жауап қайырар деп алқалы билерге жүгінген. Көне дала дәстүрі бір шетке ығысып, жаңа жаман заңдылықтары шыққалы сұрағымызға жауап іздеп, кімге жүгініп жүрміз? Google, Яндекс-тің іздеу жүйесіне.

Іздеу жолағына керегіңіздің алғашқы әріптерінен із қалдырсаңыз, бағдарлама өз базасындағы бірнеше ақпараттарын ұсынады. Бұл Т9 жүйесінің бүгінгі дамыған түрі. Ал бұл жүйенің түп-тамыры 1999 жылдан бастау алады. 1-9-ға дейін нөмірленген алғашқы телефондарға сандардың астына 3-4 әріптен орналастырылды. Мәтін жазу барысында керекті әріпті теру үшін сандық пернені бірнеше рет басуға мәжбүр болдық. Яғни, мәтінді қолдану операциясы ыңғайсыздық тудырып, хабарлама қалдыру бірнеше уақытты қажет етті.

Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін "Tegic Communication" компаниясы ұсыныс тастап, Клифф Кашлердің идеясы бойынша Т9 жүйесі жасалынды. "Т9" атауы – "Text on 9 keys", яғни телефон бетіндегі 9 батырмамен мәтін жазу деген мағынаны білдіреді. Бұл жүйенің көмегімен қолданушы тек керек әріптер орналасқан батырманы бір-ақ рет басу арқылы қажетті сөзді мәтіндеу үшін дайындалды.

Атаулы жүйе алғаш рет әлемдік телефон нарығына 1999 жылы шыққан Sagem MC 850 маркалы телефонға енгізілді. Бастапқыда әріптер арқылы сөзді табуға жұмыс жасаған жүйе кеңінен қолданылып, жаңартылған 5.1 нұсқасында сөз тіркестерін болжауға қабілетті болды.

А. Қажиев