Әлеуметтік желіңізді не үшін бұзады?

Әлеуметтік желіңізді не үшін бұзады?
Фото: content-loop.com

Жаһандану дәуірінде халықтың басым бөлігі ғаламторға кіріп, көптеген сайттан өздерінің желілерін ашып жатыр. Ақпарат алмасып, әлемдегі жаңалықты бір-біріне жылдам жеткізетін құрылғының өз қызығы мен қауіптілігі де бар. Көптеген адам өздері пайдаланып жүрген желілердің бұзылып жатқандығын айтып, тосқауыл қоюдың жолын іздеп жүр. Ең алдымен сіздің әлеуметтік желіңізді қандай жағдайда бұзатынына мән берейік...

Қазіргі таңда әрбір адамның электронды почтасында көптеген ақпараттың жатқандығы жасырын емес. Сіздің біреуге жіберген хабарламаларыңыз, мұрағатқа қалдырған дүниелеріңіз өзге жандар үшін маңызды болуы мүмкін. Сондықтан ең бірінші сіздің желіңізді бұрыс әрекетіңізді әшкере ету үшін немесе бәсекелесіңізге сату үшін бұзады. Әдетте мұндай жағдайлар ірі фирмалар мен компаниялардың арасында жүреді.

Шет елдерде ақпараттың көріліміне қаржы төленгендіктен қандай жолмен болмасын оңай ақша табу үшін барлық әрекетке баратынын естен шығармағаныңыз абзал. Кейде жаңадан үйреніп жүрген жандар өздерінің кәсіби деңгейлерін жоғарылату үшін өзге аккаунттарды бұзып көреді. 

Екіншіден сіздің аккаунтыңыз арқылы хакерлер өзге біреулердің қаражатын жымқырып, оғаш әрекеттер жасауы мүмкін. Соңында өзіңіз жасамаған құйтырқы әрекетке кінәлі болып қалуыңыз ғажап емес. Сонымен қатар, сіздің почтаңызды бұзған адамдар компьютеріңіздің ішінде қандай мағлұматтар бар екенін оңай көре алады. Банкоматыңызда қанша қаражат жатқанын көріп, оны өзге бір есепшотқа аудару процессін де жасай алады. 

Естігенде есіңді шығаратын мұндай әрекеттерден қалай құтылуға болатынын көп адам біле бермейді.

– Ең бірінші мұндай қулықтарға өзіңіз барып түсетініңізді ұмытпаңыз.

– Почтаңызға келген таныс емес хаттарды көрсеңіз, жауап жазбаңыз. "Тегін ірімшік тышқанның тұзағында ғана болады" дегендей, ғайыптан келген қуаныш үлкен өкінішке апаруы мүмкін.

– "Өзге әлеуметтік желіге кіріп көріңіз", "Сіз қымбат затқа ие болдыңыз", "Досыңыз туралы жаман ақпараттар бар" деген секілді алдау сөздері желіде толып жүр. Бір рет басып, сан соығп қалмас үшін мұндай смс хаттарды айналып өткеніңіз дұрыс.

– Құпия сөзіңізге атыңызды, туған күніңізді немесе жылыңызды жазудан бас тартыңыз. Өзіңізге ұнайтын дүниелердің де атын құпия сөз ретінде алмаңыз. Себебі хакерлер алдымен сіздің әлеуметтік желіңізді сырттай бақылайды. Бақылау барысында құпия сөзіңізді тез тауып алады.


Техника дамыған сайын одан пайда көретіндердің саны да арта түскені белгілі. Маңайымыздағы Ресей, Қытай сынды алпауыт мемлекеттердің ішінде көптеген хакерлердің өмір сүріп жатқандығы белгілі. Үлкен корпорациялардың есеп шотынан қаржы жымқырған жандар үшін сіздің алдау қатты қиынға түспейді. 

B. ZHAQSYMBET