"Юнона" Юпитерге жетті

"Юнона" Юпитерге жетті
Фото: spacegid.com

Юпитер (Есекқырған) ғаламшарын зерттеу үшін 2011 жылдың 5 тамызында ұшырылған "Юнона" ("Juno") ғарыш аппараты өзінің негізгі нүктесіне жетті. Енді ол газды алыптың гравитациялық және магниттік алаңдары мен атмосферасы жөнінде толыққанды ақпарат жинауға кірісіп, планетаның ядросы бар-жоғын анықтаумен айналысады. 

Күн сәулесімен қуаттанатын "Юнона" Юпитердің солтүстік және оңтүстік полюстерін суретке түсіретін алғашқы және бұл планетаның орбитасына шыққан екінші аппарат болмақ. Өзіне жүктелген міндетті орындау үшін ол ғаламшарды 30 реттен аса айналады деп күтілуде. Айта кетерлігі, газды алыптың орбитасына жасалған бір айналым Жердегі 14 күнге тең келеді. "Юнонаның" зерттеулері 2018 жылдың ақпан айына дейін жалғасып, одан кейін аппарат Юпитер атмосферасына жіберіледі де, сол жерде жұмыс істеуін тоқтатады.

Ғарыш кемесінің атауы грек-рим мифологиясына негізделіп қойылған. Онда Юпитер есімді құдайдың өз былықтарын жасыру үшін айналасын бұлттан жасалған шымылдықпен жауып тастағаны айтылады. Алайда оның жары Юнона бұлт арасынан Юпитердің шын бейнесін көре алған екен.

"Юнона" аппараты "Жаңа меже" (New Frontiers) бағдарламасы аясында жүзеге асырылған екінші жоба. Бұған дейін осы бағдарлама Плутонды зерттеуге "Жаңа көкжиек" (New Horizons) атты ғарыш аппаратын ұшырған болатын.

Y. Almabek