Мылқау адамдар "ақылды" гарнитурамен ойын жеткізе алады

Мылқау адамдар "ақылды" гарнитурамен ойын жеткізе алады
Фото: neurogadget.com

Статистика бойынша түрлі себептерге байланысты сөйлеу қабілетінен айырылған адамдар саны ондаған миллионды құрайды. Бұл өз ойын жеткізу қиынға соғатын нашар еститін адамдарды қоспағандағы есеп. 2013 жылғы санақ бойынша әлемде нашар еститін және мылқау мен сақау балалар саны 32 миллионды құраған. Олардың барлығы қоршаған ортамен ойын бөлісе алса, не болар еді?

Smartstones компаниясы осы арманды жүзеге асыратын бағдарламалық жасақтаманы құрумен айналысып жатыр. Жобаның негізі ретінде Emotiv өндірісінің гарнитурасы алынды. Ол адам миының толқындарын санап, содан соң оны смартфонға таратады. Ал смартфон ол толқындарды сөзге айналдырады. Гарнитура нақты үлгіні сақтап алады және оларды нақты сөздермен байланыстырады. Әрине, бұл гаджеттің көмегімен толық сөйлемдерді айту қиынға соғады, алайда адам маңызды сөздер тізбегін бірден айта алады. Ол үшін сол сөзге қатысты ойлар әрекетін еске түсірсе болды.

Қазіргі кезде бұл гарнитура мылқау, сонымен қоса толық сал болған (парализованный) адамдарға белсенді түрде тәжірибеден өткізіліп жатыр. Зерттеушілер тобын алғашқы нәтижелер қуантты. Себебі, зерттеуге қатысушы гарнитура көмегімен өз ойын бірден жеткізе алды. Бұл құрылғының сатылымға қашан шығатыны және қанша тұратыны туралы әзірге айтылған жоқ.

А. Жапатова