"Footbonaut" жайлы не білесіз?

"Footbonaut" жайлы не білесіз?
Фото: massaget.kz

Footbonaut — футболшылардың допты басқарудағы икемділігі мен физикалық жағдайының жақсаруына немесе қалыпқа келуіне әсер ететін құрылғы. Оны дортмундтық "Боруссия" футбол клубы мен арнайы технологияларды құрастырумен айналысатын компания біріге отырып шығарған.

Құрылғы төрт қабырғамен қоршалған алаңнан тұрады. Тиісінше әр қабырға ұзындық бойынша тоғыз шаршыдан түзілетін екі қабатқа бөлінген. Алаң ортасына футболшы орналасатын шеңбер сызылған. Жаттығу басталмас бұрын футболшы сол шеңбер ортасына барып тұрады. Ары қарай құрылғы іске қосылып, компьютер төрт қабырғаның бірінен ойыншыға пас бергендей доп жібереді. Сол сәтте басқа бір бұрышта орналасқан шаршылардың біреуі жасыл түс болып жанады. Футболшы өзіне жіберілген допты қабылдап, жасыл түс жанған шаршыға белгілі бір уақытта салып үлгеруі тиіс. Жаттығу соңында жанған шаршыларға салынған доп саны мен жылдамдықты есептеп, ойыншының мүмкіндіктерін бағамдауға болады. Сондай-ақ, жаттығушының әліне қарай берілетін доптың саны, жылдамдығы мен айналу деңгейін де басқаруға болатынын айта кеткен жөн. 

Жақында "Қайрат" футбол клубы осы құрылғыны елімізге алып келді. Алматылық клубтың тәрбиеленушілері заманауи технологияны қалай игеріп жатқанын төмендегі видеодан көре аласыздар.

Y. Almabek