Зульфия Чиншанло "әлемнің ең үздік ауыр атлеті" сыйлығын алды

Зульфия Чиншанло "әлемнің ең үздік ауыр атлеті" сыйлығын алды

Халықаралық ауыр атлетика федерациясының кезекті конгрессі кезінде осы ұйымның президенті Тамаш Аян қазақстандық ауыр атлет қыз Зульфия Чиншанлоға Йено Боскович атындағы сыйлықты табыс етті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. 

Айта кетсек, бұл сыйлық жылдың үздік ауыр атлеті атағына ие болған спортшыға беріледі. Лауреаттарды әлемдегі ауыр атлетика спортының мамандары мен жанкүйерлері анықтайды. Осы жолғы сыйлық қыздар арасынан Чиншанлоға бұйырса, ерлерден ирандық Бехдад Салимикордашидің қанжығасында кетті. Жеңімпаздар туралы ақпарат осы жылдың ақпан айында таратылған болатын. Алайда оларға өз жүлделерін табыстау мүмкіндігі енді туып отыр. 

Ташкентте өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігі кезінде Халықаралық ауыр атлетика федерациясы да кезекті конгрессін өткізген болатын. Осы жиынға еліміздің атынан Зульфия да шақырылған еді. 

Естеріңізге сала кетейік, Ташкентте өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігі 8-11 сәуір аралығында болады. Оған еліміздің жастар құрамасы да қатысып жатыр. 


Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: vesti.kz

Б. Қосмағамбет