Құдайдың қолы

Құдайдың қолы

Футбол әлеміндегі ең танымал тұлғалардың бірі - Диего Армандо Марадона. Бұл аргентиналық футболист жайлы біріміз білсек, біріміз оның тек аты-жөнін ғана естідік. Бұл әңгімеміз аргентиналық теңбіл доп жұлдызы жайлы болмақ.

Марадона 1960 жылы 30 қазанда Буэнос-Айрестың Ланус деген елді-мекенінде дүниеге келген. 2011 жылдың соңында Диегоға Аргентинаның ұлттық құрамасын басқару ұсынысы түскен, бұл Марадонаның арманы еді. Туған күніне екі тәулік қалғанда Диего Марадона ұлттық құраманың жаттықтырушысы болып тағайындалды. Міне, нағыз тосын сый деп осыны айт. Өз елінде аргентиналық футболист «Теңбіл доп құдайы» ретінде танылады.

Бірақ, соңғы кездері Марадона жайлы теріс сыбыстардың жиілеп кеткені оның атына кір келтіріп жатыр-ау. Бұған қоса, ол саяси бағыттарды белсенді қолдап, Куба көсбасшысы Фидель Кастромен, Венесуэла президенті Уго Чавеспен және бүкіл әлемге есімі белгілі боксшы Майк Тайсонмен достасып, әлемдегі белгілі тұлғалардың біріне айналды.

Аргентинаның Росарио қаласында 10 жыл бұрын пайда болған «Марадона Шіркеуін» футболисттің достары мен жанкүйерлері тұрғызып, жыл сайын бүкіл дүниежүзінен 120 мыңға жуық адам осы жерге келеді екен. Шіркеу мүшелері 22 маусымды өздерінше «пасха» мейрамы ретінде тойлайды. Дәл осы күні 1986 жылы Марадона Англия құрамасының қақпасына қолмен доп кіргізіп, кейін бұл гол «Құдайдың қолы» деп аталып кеткен.

Мексикада футболдан өткен әлем чемпионатының ширек финалында, бойы аласа Диего допқа басымен жете алмайтынын сезіп, допты қақпаға қарай қолмен бағыттап жіберген. Арбитр алаң ортасына көрсеткенде, айналадағы қалың жұрт таң қалған. Бірақ, бұл шешімді өзгерту мүмкін емес еді. «Құдайдың қолымен» соғылған голдың арқасында таблода 1-0 есебі көрінді. Кездесу аяқталғанда, Марадона өз сөзінде былай айтқан еді: «Егер қол болса да, бұл Құдайдың қолы». Бұл сөз тіркесі халық арасында афоризм ретінде таралып, соғылған гол футбол тарихындағы ең таң қалдырарлық және ерекше голдардың біріне айналды. Осы орайда, ағылшындық БАҚ көздері бұл оқиғаны «сайтанның қолы» деп атап кеткен.

Арада 22 жыл өткеннен кейін Марадона бұл ісі үшін кешірім сұрап, былай деген: «Егер де менде өткен уақытқа оралатындай мүмкіндік болса, мен тарихты өзгертер едім. Ал маған тек кешірім сұрау ғана қалды. Болған іс болды. Аргентина Әлем Чемпионы атанса, мен Дүниежүзінің үздік футболисті атағын еншіледім». 1986 жылы Аргентина екінші мәрте Әлем Чемпионы атанды.