Луиш Фигу: «Криштиану Роналду «Алтын допты» жеңіп алуы мүмкін»

Португалия футболының жұлдызы Луиш Фигу өзінің бұрынғы ұлттық құрама сапындағы командаласы Криштиану Роналду «Алтын допты» жеңе алады деп мәлімдеп отыр.

«Роналдуға «Алтын допты» жеңіп алу үшін ештеңе кедергі бола алмайды. Ол биылғы жекелей берілетін сыйлықтардың барлығын да жеңіп алуы мүмкін. Криштиану Роналду өткен маусымда Испанияның Ла Лигасында өте тамаша өнер көрсетті. Сонымен қатар Украина мен Польша жерінде өткен Еуропа біріншілігінде де сәтті ойнады. Дегенмен, үздік ойыншыны бір емес, бірнеше адам дауыс беру арқылы таңдайды. Сондықтан да «Алтын допты» кім жеңетінін мен дөп басып  айта алмаймын», - дейді атақты аяқдопшы Луиш Фигу.

Луиштің өзі «Алтын допты» 2000 жылы жеңген болатын. Оның ойынша, ХХІ ғасырдың басында «Алтын допты» жеңу біршама қиын болған екен.

«2000 жылдар менің спорттық ғұмырымдағы ең керемет шақтар. Ол кезде «Алтын допты» көптеген ойыншылар ұтып алуы мүмкін еді. Ал қазір бұл сыйлыққа үш-төрт қана футболшы таласады», - дейді Фигу.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: eurosport.ru