Футзал. Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатын тең ойынмен бастады (видео)

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Футзал. Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатын тең ойынмен бастады (видео)
Фото ©️ ©uefa.com

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Нидерланд жерінде бастау алған Еуропа чемпионатын тең нәтижемен бастады. Отандастарымыз Гронингенде Словениямен 4:4 есебімен ұпай бөлісті.

БӨЛІСУ

Ойын қазақстандық футзалшылар үшін оңай болған жоқ. Есепте Словения құрамасы алға шығумен болды. 11 минутта Игитаның қателігінен кейін Денис Тотошкович гол соқты.

Ойын барысында ереже бұзғаны үшін Қазақстан құрамасының ойыншысы Альберт Акбалыков алаңнан қуылды. Екі минут ойыншы басымдығында словениялықтардың бірнеше мүмкіндігі болды. Футзалшыларымыз сәтті қорғана білді. 16 минутта бұрыштамадан асырылған допты Жуниор Дуглас қақпа торында тулатып, есепті теңестірді.

Екінші тайм басында Словения екінші рет есепте алға шықты. Бұл жолы Матей Фидершек белсенді. Ол бұрыштамадан асырылған допты Игита қақпасына енгізді. Араға 2 минут сала Біржан Оразов мүмкіндігін сәтті пайдаланып, есепті екінші рет теңестірді. Одан кейін де Біржанның бір тамаша мүмкіндігі болған. Өкінішке қарай, доп қиыс кетті.

Кейіннен Словения құрамасы қатарынан екі гол соғып, есепте алға озды. Қазақстан құрамасы шабуылын үдетіп, есепті теңестіруге ұмтылды. Сондай мүмкіндіктің бірін Жомарт Тоқаев пайдаланды. Тайнанның тамаша пасынан кейін ол есепті қысқартты. Ал ойын аяқталуға бірер минут қалғанда Жуниор Дуглас есепті 4:4 етті. Осылайша екі құрама «В» тобындағы бірінші ойында бір-бір ұпай бөлісті.

Қазақстан құрамасы келесі ойынын 25 қаңтар күні Финляндияға қарсы өткізеді. Араға үш күн сала Италиямен ойнайды.

Ұлттық құрама Еуропа чемпионатына толық құрамда қатыса алмауда. Жарыс алдында Лео жарақат алса, бас жаттықтырушы Рикардо Кака мен ойыншы Арнольд Кнауб дертіне байланысты карантин уақытын өткізуде.