Жанқош Тұраров алдағы жекпе-жегі жайлы не дейді?

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Жанқош Тұраров алдағы жекпе-жегі жайлы не дейді?

Жеңілмеген қазақстандық боксшы Жаңқош Тұраров (24-0, 17 КО) 18 желтоқсан Нұр-Сұлтандағы бокс кешінде рингке оралады. Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында ол жекпе-жекке дайындық пен алдағы жоспар туралы айтып берді. 

БӨЛІСУ

31 жастағы Жанқоштың қарсыласы 39 жастағы мысырлық Абдумонем Саид (22-1-1, 11 КО) болады. Жартылай орта салмақтағы кездесу он раундқа есептелген.

- Жанқош рингте көптен бері шықпадың, 18 жетоқсандағы жекпе-жектің маңызы қандай?

- Мен үшін маңызы үлкен. Екі жылдай рингке шықпадым, боксты сағындым. Біріншіден өз елімде жұдырықтасу құрмет, екіншіден Данияр бауырым титул үшін айқасады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тамаша бокс кешін сыйлаймыз. 

- Қарсыласың туралы не дейсің, дайындық қалай?

- Барынша дайындалып жатырмыз, Алматыда жаттығудамын. Әр айқасыма соңғы рет шығатындай дайындалуға тырысамын. Қарсыласым мықты, сондықтан оңай болмайды. Алты рет түрлі титулға таласқан, тәжірибелі. 

- 31 жасқа келдің. Осы үзіліс мансабыңа қалай әсер етті?

- Әлем бойынша көптеген боксшыларға жекпе-жек өткізу қиынға соғуда. Карантин мен басқа себептермен екі-үш жекпе-жегім өтпей қалды. Бірақ бұл қиындықтар менің басымда ғана емес. Қазір мен бабымдамын, сондықтан чемпиондық биікке шыққым келеді. 

- 2022 жылға жоспарың қалай?

- Келесі жылы кемі үш-төрт айқас өткізіп, жыл соңында титулға жұдырықтасқым келеді. Қазір менің салмағымда мықты боксшылар көп. Нақты жоспарым бар. 

Айта кетейік, 2019 жылы Тұраров WBO ұйымының құрлықтық белбеуін иеленген еді, ал 2021 жылы одан қорғаусыз айырылып қалды. 

Жалпы Нұр-Сұлтан қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Jekpe Jek сарайында өтетін бокс кешінде 13 кездесу болады. Басты жекпе-жекте Данияр Елеусінов жұдырықтасады. Ал оның алдында шаршы алаңға аса ауыр салмақтағы Иван Дычко шығады. Оның қарсыласы ресейлік Александр Устинов. 

Сонымен қатар, осы шоуда тұңғыш рет 55,3 келі салмақта Ержан Залилов пен Ескендір Харсан арасындағы Қазақстан чемпионы белбеуі сарапқа салынады. Дәурен Елеусінов болса әзірбайжандық Али Мамедовпен жұдырықтасады. 

18 желтоқсан күні Ангелина Лукас кәсіпқой бокста дебютін жасайды. Ол украиналық боксшы Алена Гурьевамен жолығады. Жекпе-жек кешінің андеркартында 28 жастағы Дәулет Дәукенов (9-2, 4КО) 34 жастағы ганалық Анама Доцемен (18-4, 17КО), 32 жастағы Айдар Шәрібаев (8-1, 7КО) 25 жастағы ресейлік Шохрух Абдиевпен (9-2-1, 3КО), 27 жастағы Николай Шваб  (7-0, 3КО) 35 жастағы ганалық Натаниэль Нукпемен (13-8-1, 13КО), ал Сапарбай Айдаров (5-0, 2 КО) 24 жастағы украиналық Всеволод Слипченокмен (4-2, 1КО) қолғап түйістірсе, Асхат Жантұрсынов (5-0, 4 КО), Айдар Әмірзақов (0-1) және Ақниет Әлібайдың (дебют) қарсыластары енді анықталады.