ӘЧ-2021. Серік Теміржанов екінші жеңісіне қол жеткізді

ӘЧ-2021. Серік Теміржанов екінші жеңісіне қол жеткізді
Фото: Данияр Майлыбаев

Қазақстандық боксшы Серік Теміржанов әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты. Отандасымыз екінші жекпе-жегінде жапон боксшысы Рейто Цуцумиді жарыс жолынан шығарды.

57 килоға дейінгі салмақтағы жекпе-жекте Серік қарсыласына мықтылығын мойындатты. Тіпті екінші раундта бір рет нокдаунға да түсірді. Төрешілердің барлығы қазақстандық боксшыны жеңімпаз деп таныды.

Рейто осал қарсылас емес еді. 2019 жылы жастар арасында Азия чемпионы атанған. Биыл жастар арасында әлем чемпионы болған.

Айта кетейік, Серік Теміржанов әлем чемпионатындағы бірінші жекпе-жегінде қазіргі Азия чемпионы моңғол Энкх-Амара Хархууды жеңген болатын.

Белградтағы әлем чемпионаты 13 салмақ дәрежесі бойынша өтуде. Қазақстан құрамасы сапында Бек Нұрмағанбет пен Нұрлан Сапарбай жарысты аяқтап үлгерді. Олар алғашқы жекпе-жегінде қарсыласына есе жіберді.

 

Н. Үсенова