Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының қола жүлдесіне таласады

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының қола жүлдесіне таласады

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының финалына шыға алмады. Отандастарымыз негізгі және қосымша уақытта 2:2 есебімен тең ойнап, кездесу соңындағы пенальти сериясында қарсыласына есе жіберді. 

Ойын басталған тұста Қазақстан құрамасы гол соққан. Алайда видеоқайталаудан кейін төреші нәтижені есепке алмады. Доп алаң сыртына шығып кеткенін хабарлады. Одан кейін Тайнанның қайшылай тепкен добы қақпа маңдайшасына тисе, Біржан Оразовтың добы бағаннан қайтты.

Екінші тайм басында Португалия құрамасы сапында Пани гол соғып, командасын алға шығарды. Ойынның аяқталуына 40 секунд қалғанда Дәурен Нұрғожин таразы басын теңестірді. 

Бірінші экстра-таймда Дуглас айып соққысын сәтті орындап, есепте отандастарымызды алға шығарды. Оның шиыра тепкен добы Вебе қорғаған қақпаның торында тулады. Алайда екінші экстра-таймда Бруно есепті теңестіріп, командасын жеңілістен құтқарды. 

Ойын жеңімпазы пенальти сериясында анықталды. Португалия құрамасының асығы алшысынан түсіп, финалға жолдама алды.

Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін таласады. 3 қазан күні Бразилияға қарсы ойнайды.