Айдос Ербосынұлы Нұр-Сұлтандағы бокс кешінде қарсыласын нокаутпен жеңді

Кәсіпқой боксшы Айдос "Барыс" Ербосынұлы Нұр-Сұлтанда өткен «Көшпенділер шайқасы 2» бокс кешінің басты жекпе-жегінде гайаналық қарсыласы Аллен Ленноксты нокаутпен жеңді. Нәтижесінде екінші орта салмақта WBA чемпиондық атағына үміткер атанды.

Жекпе-жек 12 раундқа жоспарланған еді. Екі боксшы 10 раунд жұдырықтасты. Жеңіс үшін аянып қалмады. Қабақ та жарылды, көз де ісіді, ескерту де берілді. Соңында Айдостың айбыны артты. Қарсыласын 10 раундта жойқын соққының астына алып, жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтады.

Нұр-Сұлтанда өткен бокс кешінде Айдос Ербосынұлынан бөлек өзге де отандастарымыз шаршы алаңға шықты. 21 жастағы Евгений Павлов екінші жеңілірек салмақта WBA International белбеуін иеленді. Азия чемпионы Бек Нұрмағамбет те дәл осы атақты екінші орта салмақта жеңіп алды. Боксшы қыз Фируза Шарипова да кезекті жеңісіне қол жеткізді.