Нұр-Сұлтанда Жақсылық Үшкемпіровке ескерткіш қойылды

Нұр-Сұлтанда Жақсылық Үшкемпіровке ескерткіш қойылды
Фото: Тұрар Қазанғапов

Нұр-Сұлтан қаласында белгілі балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке ескерткіш қойылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ақпараттық порталы. 

Ескерткіш Қабанбай батыр даңғылы мен Керей, Жәнібек хандар көшелерінің қиылысындағы спортшы есімі берілген Jekpe-jek спорт кешені алдына орнатылған. 

Ашылу салтанатына мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты. Сонымен қатар бокстан Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев пен Рио Олимпиадасы чемпионы Данияр Елеусінов те қонақтар қатарында болды. 

Jekpe-jek арайы 2019 жылдың 6 шілдесінде ашылған. Бес мың көрерменге арналған спорт ғимаратында бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетика және басқа да олимпиадалық, сондай-ақ Олимпиадаға кірмейтін спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстар өткізіліп келеді. 2020 жылдың желтоқсанында оған Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді.

Жақсылық Үшкемпіров 1951 жылы 6 мамырда Қазақ КСР, Жамбыл облысы, Свердловск ауданы, Чапаев кеңшарында дүниеге келген. Ол грек-рим күресінің палуаны, спорт шебері (1971), Халықаралық спорт шебері (1975), Еңбек сіңірген спорт шебері (1980), алтын медальге иеленген қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы (Мәскеу, 1980), Әлем чемпионы (1981), әлем кубогының күміс жүлдегері (1982), екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы (1975, 1980), Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Н. Үсенова