Норвегиялық шаңғышы 700 шақырымды 41 сағатта бағындырды

Олимпиада чемпионы Андерс Окланд әлем рекордын орнатты. Ол 700 шақырым 500 метрді 41 сағатта тоқтаусыз жүріп өтті. 

48 жастағы шаңғышы 10 сәуірде жолға шыққан. 

Спортшы бірінші күні жүру оңай болғанын айтты. Ол 420 шақырымды 24 сағатта жүріп өткен. Содан кейін қалың қар жауып, жол жүру қиындаған.

Окланд 2020 жылы 32 сағат ішінде 516 шақырымды бағындырған болатын. Бірақ бірнеше күннен кейін Окландтан 8 шақырым артық жол жүрген Генрик Солли оның рекордын жаңартқан.

Айта кетейік, Андерс Окленд 1972 жылы Тонсбергте өмірге келген норвегиялық спортшы. 1983 жылдан бастап Норвегия құрамасының мүшесі. Ол екі қысқы Олимпиада ойынына қатысқан. 2002 жылы Солт-Лейк-Ситидегі Олимпиадада алтын медаль иеленген.

Андерс Окланд үш рет әлем чемпионатының жеңімпазы атанған. Сонымен қатар, жас кезінде ол жеңіл атлетикамен кәсіби түрде шұғылданған. 5000 метрге (1995) және 10000 метрге жүгіруден (1996, 1997) ұлттық чемпионатта топ жарған. Халықаралық жарыстарда ол ең жақсы нәтижені 1991 жылы жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатында көрсетіп, 5000 метр қашықтықта жетінші орын иеленген.



Бөлісу: