Әлемдегі кей компаниялар 4 күн жұмыс істеуге көшіп жатыр

Еуропа мен АҚШ-та төрт күн жұмыс істеп, үш күн демалыс беретін компаниялар көбейіп жатыр. Үш жылдың ішінде төрткүндік жұмыс аптасын ұсынған жұмыс берушілердің саны үш есе өскен. Бұл жайлы Bloomberg жазды.

Сарапшылардың айтуынша, дүниежүзі елдерінің төрткүндік жұмыс аптасына көшуін пандемия біршама жеделдетті. Аптасына үш күн демалыс беруді Еуропаның бірнеше компаниясы сынақ ретінде қолданып, пайдасын бақылап көрген екен. Содан қызметкерлеріне аптасына төрт күн ғана жұмыс істету арқылы нәтижені арттыруға болатынын аңғарған.

Мәселен, немістің Awin технологиялық компаниясы пандемия басталғанда 1 мың қызметкерін қашықтан жұмыс істеуге көшіреді. Пандемияда онлайн-сегменттің өсуіне байланысты тапсырыс та көбейгені белгілі. Алайда компания бұған қарамай, қызметкерлеріне көбірек демалыс беруге тырысқан. Тіпті еңбекақы мен жеңілдіктерді қысқартпай, төрткүндік жұмыс аптасын бекіткен.

"Тынығып демалған қызметкерлер жұмысына белсенді келеді. Аз ғана жұмыс істеп, көп нәтижеге жетуге болатынына көзіміз жетті", - дейді компания директоры Адам Росс.

Bloomberg басылымының жазуынша, үш жылда әлемдік еңбек нарығындағы төрткүндік жұмыс аптасын ұсынушы компаниялардың саны 3 есе көбейіп, 10 мыңға жеткен.

Ал Хенли бизнес мектебінің мамандары жүргізген зерттеуде Ұлыбританиядағы кәсіпорындардың 4/3 бөлігі төрткүндік жұмыс аптасына көшіп, еңбек өнімділігін өсірген.

Сол сынды Microsoft компаниясының Жапониядағы филиалы да қызметкерлерін бір айға 32 сағаттық жұмыс аптасына көшіріп тәжірибе жасап көрген екен. Қызметкерлердің өндірістік қуаты 40 пайызға өсіп, компанияның жарық пен жылуға кететін қаржысы азайған көрінеді.

2018 жылы Жаңа Зеландия да сондай эксперимент жасап көрген. Екі айға созылған тәжірибеден еңбек өндірісі 20 пайызға артып, қызметкердің көңіл-күйі жақсарып, жұмысқа деген ниеті артқан.

Испания үкіметі төрт күндік жұмыс аптасына көшкен кәсіпорындарға субсидия бөлу ұсынысын қарастырып жатыр. Оған 50 млн еуро қаржы бөлмек. Сол сынды Жапония да "жұмыстан зорығып өлгендерді" азайту үшін қосымша демалыс беру жайын заңнама деңгейінде енгізгісі келеді.

"Экономикасы дамыған елдер білікті кадрларға зәру. Сондықтан оларға ең алдымен қызметкерлердің жағдайын жақсартуы тиіс. Мәселен бір аптадағы жұмыс күнін қысқартуға болады", - дейді Бонн Еңбек экономикасы институтының зерттеушісі Терри Грегори.

Ал Қазақстанда қалай?

Қазақстан әзірше бұл мәселені қарастырған жоқ. Алайда төрт күндік жұмыс істеуге заңдық тұрғыдан рұқсат етілген. Мұны Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасынан байқауға болады. Тек бір шарт бар: ол - жұмыс берушімен келісімшартқа отыру.

"Бәрі екі жақтың (қызметкер мен жұмыс беруші – ред.) келісімшартымен бекітілуі тиіс", - деп хабарлады министрлік.

Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдемесі де осыған ұқсас. Қазақстан азаматтарының өзіне ыңғайлы жұмыс графигін таңдауына құқылы. Бірақ еңбек келісімшартында бәрі жазылуы тиіс.

Сондай-ақ, министрліктің хабарлауынша, Қазақстан үкіметі төрт күндік жұмыс аптасын мақұлдауы үшін терең зерттеу жасалуы керек. Сонда ғана 32 сағаттық жұмыс аптасының "еңбек өндірісіне зияны бар-жоғын, кәсіпорынның шығыны көбейер-көбеймесін, компанияның табысы азая ма әлде жоқ па" – осының бәріне жауап табылады.

Айта кеткен жөн, 2019 жылы Ресейде төрт күндік жұмыс аптасын енгізу жайлы ұсыныс айтылып, көрші елдің Еңбек министрлігі жағдайды зерттеп, мұндай жұмыс режімі кері әсер ететінін анықтады. Атап айтқанда, жұмыс аптасы қысқарса, кәсіпорынның еңбек күші қысқарсып, тауар мен қызмет бағасы қымбаттайтын көрінеді.