Қазақстандық Олимпиада чемпионы өмір бойына спорттан шеттетілуі мүмкін

2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы Нижат Рахимов допинг күдігіне ілікті. Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы (IWF) қазақстандық спортшыны уақытша жарыстардан шеттетті.

Нижат Рахимовтың 2016 жылы тапсырған зәр сараптамасы антидопинг ережесіне сай келмеген. Дәл осы жылы ол Олимпиада чемпионы атанған болатын.

Қазақстандық зілтеміршінің допинг қолданғаны дәлелденетін болса, өмір бойына спорттан шеттетілуі мүмкін. Себебі Нижат осыған дейін де бір рет допингпен ұсталған. 2013 жылы Әзербайжан елінің атынан шығып жүргенде 2 жыл жарыстарға қатыспаған еді.

Нижат Рахимов 2014 жылы Қазақстан құрамасына ауысып, еліміздің азаматтығын алды. 2015 жылы әлем чемпионы атанды. Араға 1 жыл сала төртжылдықтың басты додасында топ жарған-ды.