"Канело" енді кіммен жұдырықтасады?

"Канело" енді кіммен жұдырықтасады?

Бүгін мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес британдық Каллум Смитті жеңіп, екінші орта салмақта WBC және WBA (Super) чемпиондық белбеуін иеленді. Ендігі қарсыласы кім болмақ?

Күні кеше орта салмақта Геннадий Головкин де жекпе-жек өткізген. Поляк Камил Шереметаны айқын жеңіп шықты. Енді GGG мен "Канело" үшінші рет жұдырықтаса ма? Бұл қазір бокс жанкүйерлерінің көкейінде тұрған сұрақ.

"Канело" енді екінші орта салмақта жұдырықтаса бермек. Гена үшін де бұл салмаққа ауысу аса қиын емес. Осыған дейін екеуі орта салмақта екі рет жұдырықтасқан еді. Бірінде тең түссе, бірінде Сауль Альварес жеңімпаз деп танылды.

Мексикалық боксшыға бүгінгі жекпе-жегінен кейін Головкинмен үшінші рет жұдырықтасуы жайлы сұрақ қойылды.

"Мен ешкімнен қашып жүрген жоқпын. Мен мықтылармен жұдырықтасамын. Осы жекпе-жекті өткізу мүмкіндігі болса, мен өткіземін. Бірақ мен үздіктермен ғана жұдырықтасатынымды көрсеттім", - деді "Канело".

Екінші орта салмақта WBO чемпиондық белбеуіне ие британдық Билли Джо Сондерс те Сауль Альвареспен жұдырықтасуға ниетті. Ол twitter парақшасында мексикалықты жекпе-жекке шақырды.

"Жарайсың. 2021 жылы бірлескен жекпе-жек. 100 пайыз. Осыны жасайық", - деп жазған боксшы промоутер Эдди Хирн мен MTK Global промоутерлік компаниясын белгілеген.

"Канело" мансабында расымен ең мықты боксшылармен шайқасып келеді. 21 жасында шаршы алаңда 46 жекпе-жек өткізіп, тарихта жеңілмей кеткен Флойд Мейвезердің өзімен жұдырықтасты. Ендігі мықты деп меңзегені кімдер? Геннадий Головкин (41-1-1, 36 KO) - орта салмақта IBF және IBO чемпионы, Билли Джо Сондерс (30-0, 14 KO) - екінші орта салмақта WBO чемпионы, Джермалл Чарло (31-0, 22 KO) - орта салмақта WBC чемпионы, Калеб Плант (20-0, 12 KO) - екінші орта салмақта IBF чемпионы...

Н. Үсенова