Футболдан Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері тағайындалды

Қазақстан футбол федерациясы еліміздің бас командасының жаттықтырушысын таныстырды. Қазақстан құрамасын отандық танымал маман Талғат Байсуфинов басқарады.

Талғат Байсуфинов бұған дейін де ұлттық құраманы басқарып, 2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысқан.

Сонымен қатар, білікті бапкер әр уақытта Петропавлдың «Есіл-Богатырь», Павлодардың «Ақсу», «Ертіс», Оралдың «Ақжайық» футбол клубтарында жұмыс істеді.

Келесі көктемде Қазақстан құрамасы 2022 жылғы Әлем чемпионатына іріктеуді бастайды. Топтық кезеңде Франция, Украина, Финляндия, сонымен қатар Босния және Герцеговина құрамалары қарсылас болмақ.

Ал жастар құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне Қайрат Нұрдәулетов тағайындалды. Ол футболшы мансабын аяқтаған соң Қазақстан футбол федерациясынды қызмет атқарды. Ең алдымен жастар құрамасы аға жаттықтырушысының көмекшісі, кейін ҚФФ құрама командалары департаментінің директоры болып еңбек етті.

Мансабында  қызылжарлық «Есіл-Богатырь», алматылық «Қайрат», қостанайлық «Тобыл», елордалық «Астана», қызылордалық «Қайсар» командаларының намысын қорғады. 2003-2013 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасында 35 матч өткізіп, ұзақ уақыт капитан болды. 

Болгариялық маманы Калоян Петков енді Қазақстан әйелдер құрамасын жаттықтырады. Ол Шымкенттің «БИІК-Қазығұрт» әйелдер футбол клубын ұзақ жылдары басқарған. Сонымен қатар, Петков 2012-2016 жылдар аралығында Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері қызметін атқарған.