Ұлттар лигасы. Қазақстан Литвадан жеңіліп қалды

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының топтық кезеңдегі соңғы 6-турында Литвадан 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Осы ойыннан кейін Қазақстан 4 ұпаймен 4-орынды, Литва 8 ұпаймен 3-орынды иеленді.

Бірінші таймда Асхат Тағыбергеннің пасынан кейін Абат Айымбетов 38-минутта гол соққан соң, 40-минутта литвалық жартылай қорғаушы Модестас Воробйовас есепті теңестірді.

Екінші тайм басында жартылай қорғаушы Исламбек Қуат екінші сары қағаз алып, Қазақстан құрамасы 10 ойыншымен қалды. Бұл кездесуде Литваға тең есеп те жеткілікті еді. Сондықтан ойын саябырсып, жылдамдығы мен ырғағы төмендеп қалды. Сонымен бірге Алматыдағы суық ауа райы да (-9°С) екі команданың ойынына әсер етті.

10 футболшымен ойнаған Қазақстан құрамасы екінші таймда қанша шабуыл жасаса да есепті еселей алмады. Ойынның соңғы минуттарында жартылай қорғаушы Арвидас Новиковас Литваның екінші голын соғып, командасының жеңісіне ықпал етті.

4-топта Албания 11 жинап бірінші орында тұр, одан кейін 10 ұпаймен Беларусь, 8 ұпаймен Литва және 4 ұпаймен Қазақстан құрамасы тұр. Қазақстан құрамасы енді C лигасында қалу үшін қарымта ойындар ойнайды.

Ұлттар лигасы. С лигасы. 4-топ, 6-тур

Қазақстан - Литва 1:2

Казақстан: Покатилов (қ), Марочкин, Логвиненко, Әліп, Вороговский, Тағыберген, Әбікен, Досмағамбетов, Қуат (к), Щеткин, Айымбетов.

Литва: Шведкаускас (қ), Вайткунас, Гирдвайнис, Бенета, Миколюнас (к), Воробйовас, Шимкус, Сиргедас, Сливка, Новиковас, Лаукжемис.

18.11.2020, Қазақстан, Алматы, Орталық стадион