"Канело" DAZN мен Golden Boy-дан кетті. Головкиннің келесі жекпе-жегі қашан болады?

Беделді инсайдер Майк Коппинджер орта салмақтағы IBF және IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкиннің поляк Камил Шереметаға қарсы жекпе-жегі қашан өтетінін айтты. 

Оның айтуынша, кездесу 18 немесе 19 желтоқсанға жоспарланған, АҚШ-та өтеді, жекпе-жекті DAZN көрсетеді. Коппинджер Головкиннің көктемде маңызды жекпе-жектерге үміт арта алатынын да айтады.

"Дереккөздер: Геннадий Головкиннің титулын қорғап қалу үшін Камил Шереметаға қарсы жекпе-жегі 18 немесе 19 желтоқсанда АҚШ-та DAZN-де өтеді. Стриминг қызмет GGG үшін бұл мәселені шешкеннен кейін, ол 2021 жылдың көктемінде маңызды жекпе-жектерге үміт арта алады", - деп жазды Коппинджер Twitter-дегі парақшасында.

Еске салайық, Головкин қарашада IBF бойынша міндетті үміткерге қарсы жекпе-жек өткізуі керек. Алайда поляк боксшының промоутері Анджей Василевски кездесу кейінге шегерілгенін мәлімдеді.

Головкин соңғы рет рингке 2019 жылдың қазанында Нью-Йоркте (АҚШ) шыққан болатын. Ол украиналық Сергей Деревянченконы жеңіп, екі бос атаққа ие болды. Осы шоу аясында Шеремета мексикалық Оскар Кортесті нокаутқа түсірді.

kaz.tengrinews.kz