Бокстан Қазақстан чемпионаты Шымкентте өтеді

Бокстан Қазақстан чемпионаты Шымкентте өтеді
Фото: kfb.kz

Әлемдегі коронавирус пандемиясының салдарынан ұзақ уақыт өтпеген бокстан ел чемпионатын Шымкент қаласы қабылдайды. Жарыс қараша айында өтеді деп жоспарланған. Бұл туралы бокс федерациясы мәлімдеді. 

"Қазақстан бокс федерациясы 2020 жылғы ел чемпионатын Шымкентте өткізуді шешті. Ерлер мен әйелдер командалары бір уақытта өнер көрсететін чемпионат 23-29 қараша аралығында өтеді. Шымкенттің республикалық жарыстарды ұйымдастыруда тәжірибесі мол, сол себепті чемпионаттың сәтті өтетініне сенімдіміз", - дейді Федерация президенті Кеңес Рақышев.

Шымкентте бұған дейін бокстан түрлі жарыстар өтті. 2017 жылы ерлер арасында ел чемпионаты мен 2019 жылы бокстан V жазғы әйелдер спартакиадасын және жастар арасында ел чемпионатын қабылдаған.

Бүгінгі күні коронавирустың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дерегі бойынша Шымкент пен Түркістан облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақталған. "Жасыл аймаққа" кіретін облыстарда вирусты жұқтырудың ең төменгі көрсеткіштері тіркелген.

"Шымкент қаласының бас санитар дәрігерінің чемпионатты өткізуге рұқсатын алдық. Қазір барлық өңірден командаларды қабылдауға дайындалып жатырмыз. Бұл ерлер мен әйелдер командалары қатысатын алғашқы біріккен чемпионаты болмақ. Өкінішке қарай, жанкүйерлер жарысты трибунадан тамашалай алмайды. Дегенмен олар барлық жекпе-жектерді көру мүмкіндігіне ие болады. Ал біздің федерация, әрине, командалардың да, жанкүйерлердің де риза болуы үшін жарысты жоғары деңгейде өткізуге барлық жағдайды жасайды", – деп хабарлады Шымкент бокс федерациясының атқарушы директоры Рахманбек Арғымбаев.

Чемпионатты Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді деп жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа қатысушылар мен команда мүшелері турнирдің алдында коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тесттен өтуге міндетті. Спортшылар мен жаттықтырушылар жарыс барысында тек қонақ үй мен спорт сарайында жүруі қадағаланады. 

Елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастағанда ұлттық құрамаларға оқу-жаттығу жиынын өткізуге рұқсат берілген. Ерлер мен әйелдер командалары жазда және күзде Алматы облысында бірнеше оқу-жаттығу жиындарына қатысты.

"Спортшылар жақсы бабында. Оқу-жаттығу жиыны кезінде барлық санитарлық талапты сақтадық. Сырқаттанып, ауырған ешкім жоқ. Барлығы жекпе-жек өткізуге асығып отыр. Қазір жарыс өткізу біз үшін маңызды. Ерлер командасы екі оқу жаттығу жиынын өткізген, қорытынды жиын бір айға созылды.

Чемпионаттың нәтижесіне қарай құраманы жаңартамыз, командаға жаңа боксшылар қосылады. Желтоқсаннан бастап шетелге жиындар мен турнирлерге шығуға рұқсат етіледі деп үміттенемін", - дейді ерлер құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев. 

А. Рысдәулет