Қазақстанда жүлде қоры $270 000 болатын теннис турнирі өтеді

Қазақстанда жүлде қоры $270 000 болатын теннис турнирі өтеді
Фото: regnum.ru

Қазақстан теннис федерациясы Нұр-Сұлтан қаласында жүлде қоры 275 000 доллар болатын ATP 250 "Astana Open" кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының әлемдегі ең беделді турнирлерінің бірін өткізу құқығына ие болды.

Биылғы 25 қазан мен 1 қараша аралығында өтетін турнирге әлем рейтингінің алғашқы жүздігінің 60-тан астам теннисшісі қатысады. Арасында әлемнің ең мықты теннисшілері Бенуа Пер, Адриан Маннарино, Джон Миллман және тағы басқалары бар. Сонымен бірге Қазақстан ұлттық құрамасында ойнайтын Александр Бублик, Михаил Кукушкин және Дмитрий Попко кортқа шығады.

"АТР Қазақстан теннис федерациясының жұмысын жоғары бағалады. Оған турнирді Қазақстан астанасында өткізуі дәлел болмақ. Біз үшін бұл – үлкен сынақ. Дегенмен біз турнирдің ең жоғары деңгейде өтетініне сенімдіміз. Бұған барлық жағдай жасалған", - деді Қазақстан теннис Федерациясының президенті Болат Өтемұратов.

Жылына АТР 250 әлемдік туры аясында 40 кәсіби ерлер жарысы өтеді. Алайда биыл пандемияға байланысты 17 тур өтті. Нұр-Сұлтандағы турнир жылды қорытындылап, теннисшілердің биыл 250 ұпай алатын соңғы мүмкіндігі болады.

Турнирді өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын ескере отырып, ойындар көрермендердің қатысуынсыз және қатаң хаттама бойынша өтеді. Ұлттық теннис орталығының аумағы ПТР-диагностикаға арналған арнайы жылжымалы зертханалар және термосканерлермен жабдықталады. Ойыншылар, ұйымдастырушылар мен қызметкерлер бір-бірімен кездеспеуі үшін дайын маршруттар жасалды" , - деді Қазақстан теннис Федерациясының вице-президенті Юрий Польский.

"Барлық матч онлайн-трансляция режимінде көрсетiледi. Халықаралық серіктесіміз IMG компаниясы әлем елдеріне трансляция жасайды. Ал Қазақстан аумағында эксклюзив хабар тарату құқығына "QAZSPORT" арнасы ие болды. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүріп жатыр", - дейді турнир директоры Атилла Рихтер.

А. Рысдәулет