Қанат Ислам мексикалық боксшыға қарсы жекпе-жек өткізеді

Қанат Ислам мексикалық боксшыға қарсы жекпе-жек өткізеді
Фото: Massaget

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның (27-0, 21 КО) кезекті қарсыласының есімі белгілі болды. Бұл туралы Vesti.kz порталы хабарлады.

Qazaq лақап атымен танымал боксшымыз 16 қазан күні АҚШ-тың Плант-Сити қаласында Nelsons Promotion компаниясының ұйымдастыруымен өтетін кеште шаршы алаңға шығады. 

Қанат Исламның қарсыласы мексикалық боксшы Хесус Гуррола (27-3-15, 14 КО) болмақ. 32 жастағы боксшы мансабында 45 жекпе-жек өткізген. Оның 15-де қарсыласына есе жіберсе, үш кездесуі тең аяқталды. Ал 27 қарсыласынан басым түскен.

Бұған дейін RingPolska басылымы Олимпиада ойындарының, Азия және Әлем чемпионаттарының жүлдегері болған Қанат Ислам екінші орта салмақта WBA чемпионы Сауль Альварес (53-1-2, 36 КО) пен WBO белбеуінің иегері Билли Джо Сондерс (29-0, 14 КО) арасындағы жекпе-жек кешінде шаршы алаңға шығатыны туралы жазған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, екі жыл бойы рингке шықпаған Қанат Ислам шаршы алаңдағы соңғы жекпе-жегін қазан айында өткізіп, намибиялық Уолтер Каутондокваны (18-2, 17 КО) төрешілердің шешімімен ұтқан еді.

А. Рысдәулет