Sky Sports Головкиннің ізбасарларын атады

Британияның Sky Sports телеарнасы Геннадий Головкиннің ізін жалғайтын дарынды қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің тізімін жасады.

"Жаңа Головкин" атануға бәрінен бұрын Қанат Исламның мүмкіндігі жоғары. 36 жастағы боксшыда орта салмақта WBO International белбеуі бар. "Қазақ" лақап атымен танымал ол мансабында 27 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. 21 қарсыласын уақытынан бұрын жеңген.

Екінші орынға орта салмақта WBC Continental Americas және WBO Global белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы жайғасты. Әлі жеңілмеген боксшы сегіз жекпе-жегінде де қарсыласынан басым түскен.

Үштікті Мейірім Нұрсұлтанов түйіндеді. Мансабында 13 жекпе-жекке шығып, бәрінде жеңіске жеткен ол WBC (USNBC) белбеуін иемденген.

Айта кетейік, Геннадий Головкин орта салмақта IBF және IBO тұжырымдарының чемпионы. Мансабында 40 қарсыласын тізе бүктірген. Бір кездесуде жеңіліп, бір рет тең түскен.