Токио Олимпиадасы коронавирусқа қарамастан өтеді

Келер жылға шегерілген 2020 жылғы Токио Олимпиадасы әлемдегі коронавирус пандемиясының ахуалына қарамастан өтеді. Бұл туралы Халықаралық олимпиада комитетінің вице-президенті Джон Коутс мәлімдеді. Ол байрақты бәсеке 2021 жылдың 23 шілдесінде басталатынын растады. 

Олимпиада ойындары биыл жазда өтуі қажет еді, алайда коронавирус салдарынан кейінге шегерілді. Бұған дейін Халықаралық Олимпиада комитеті дүбірлі доданы тағы кейінге қалдыруға болмайтынын мәлімдеген болатын. 

"Ойындардың басты идеясы – Жапонияның 2011 жылғы жойқын цунами мен жер сілкінісінен кейін қайта қалпына келуі болатын. Енді Олимпиада "ковидті" жеңудің символдық ойыны болады".

Токио-2020 ойындарының ұйымдастыру комитетінің басшысы Тоширо Муто Олимпиада қандай жағдай болмасын көрерменнің қатысуымен өтетінін айтқан. Дегенмен егер әлемдегі жағдай тұрақталмаса Олимпиадаға келетін жанкүйерлердің санына шектеу қоюылуы мүмкін. 

Сондай-ақ, Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаты барынша жеңілдетіліп, жарысқа келетін делегациялардың құрамындағы адамдардың санын қысқарту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде Олимпиадаға екі жүзден астам елден 11 мыңнан артық атлет келеді деп жоспарлануда. Қолданыстағы шектеулер оларға қалай әсер ететіні белгісіз, өйткені қазіргі уақытта Жапония шекарасы негізінен шетелдіктер үшін жабық.

Тоширо Муто коронавирусқа қарсы вакцина ойын өткізудің міндетті шарты болмайды деп мәлімдеді, дегенмен медицина мамандары вакцинасыз Олимпиаданың өтуіне күмән келтіреді.

"Егер вакцина жасалынса, әрине, көмек болар еді. Алайда төрт жылдықтың басты додасын вакцинацыз өткізбеу туралы сөз болған жоқ", - деді Муто.

Токио Олимпиадасы 2021 жылдың 23 шілдесі басталып, 8 тамыз күні аяқталады. Ал Паралимпиада 24 тамыз бен 5 қыркүйек күндері аралығында өтеді.

Өтпей қалған Олимпиадалар

Олипиаданың жаңа мерзімін бекіту үшін Халықаралық Олимпиада комитеті, Жапония мен Токио қаласының билігі және "Токио-2020" ұйымдастыру комитетінің өкілдері телефон арқылы конференция өткізді.  Бұл шешімді қабылдау барысында тараптар 2020 жылдың 17 наурызында ХОК Атқарушы комитеті бекіткен негізгі үш қағиданы ұстанды. 

1. Спортшылар мен барлық қатысушылардың денсаулығын сақтау, сонымен қатар, COVID-19 індетінің тежелуін қолдау; 

2. Спортшылар мен олимпиадалық спорт түрлерінің ұстанымын қорғау; 

3. Ғаламдағы халықаралық спорт күнтізбесі.