Зульфия Чиншанло халықаралық турнирде күміс жүлде алды

Қазақстандық ауыр атлет Зульфия Чиншанло Өзбекстан Республикасының тәуелсіздігі күніне арналған халықаралық кубокта екінші орын алды.

55 килоға дейінгі салмақта өзбекстандық Муаттар Набиева жеңіске жетті. Ол екі жаттығу нәтижесі бойынша 205 кило салмақты еңсерді.

Зульфия Чиншанло жұлқа көтеруден әріптесіне есе жіберсе, серпе көтеруден оған жетер ешкім болмады (115 келі). Үшінші орынды польшалық спортшы Йоанна Лоховская (80+105) иеленді.

Халықаралық жарыс онлайн режимде өтіп жатыр. Спортшылар сайыстың шартына сәйкес спортшылар додаға үйден немесе жаттығу орталығынан қатыса алады. Арнайы ережелері бекітілген. Бірақ халықаралық турнир техникалық жарыс ережелеріне сәйкес келмегендіктен, оның нәтижелерін, соның ішінде жаңа рекордтарды халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы ресми түрде есепке алмайды.

Онлайн режимде өтіп жатқан халықаралық турнирге 109 килодан жоғары салмақтағы спортшымыз Ибрагим Берсанов та қатысады. Ол 30 тамызда сынға түседі.