Чемпиондар лигасында топ жарған "Бавария" екі рекорд орнатты

Футболдан Еуропаның бас футбол додасы Чемпиондар лигасында топ жарған немістің "Бавариясы" екі рекорд орнатты.

Ханс-Дитер Флик баптайтын команда Кубокқа жету жолындағы барлық матчында жеңіске жеткен. Биыл коронавирус пандемиясының салдарынан плей-офф ойындары бір ғана кездесуден тұрды. Алайда бұл неміс "мәшінесіне" 11 матчта қарсылас қақпасына 43 гол соғуға кедергі бола алған жоқ. "Бавария" финалда ПСЖ-ны (1:0), жартылай финалда - "Лионды" (3:0), 1/4 финалда - "Барселонаны" (8:2), топтық кезеңде - "Челсиді" (4:1, 3:0), "Тоттенхэмді" (3:1, 7:2), "Црвена Звезданы" (3:0, 6:0) және "Олимпиакосты" (3:2, 2:0) жеңген.

Осылайша "Бавария" Чемпиондар лигасының тарихында маусым барысында барлық матчта жеңіске жеткен тұңғыш команда атанды.

Бұдан бөлек неміс клубы Чемпиондар лигасында қатарынан 11 матчта жеңіске жетіп, 2013 жылы өзі жасаған рекордты жаңартты. Ал өзге клубтардан тек Карло Анчелотти баптаған "Реал" қатарынан 10 қарсыласын жеңген екен. 

"Бавария" тарихында Чемпиондар лигасының кубогына алтыншы мәрте қол жеткізіп, бұл нәтиже бойынша "Ливерпульпен" теңесті. Олардан тек  "Милан" (7) мен "Реал" (13) алда тұр. Мюнхендік клуб 1974, 1975, 1976, 2001 және 2013 жылдары чемпион болған.

Сондай-ақ "Бавария" ел чемпионатында, Кубогында және Чемпиондар лигасында жеңіске жету арқылы требл жасап, 2012/13 маусымдағы жетістігін қайталады. Бұған дейін мұндай жетістікке тек "Барселона" ғана жеткен.

Еске салайық, маусымның шешуші ойыны Лиссабондағы (Португалия) "Эштадиу да Луш" стадионында өтті. Мюнхендік клубқа жеңіс сыйлаған голды 59 минутта Кингсли Коман соқты. Бір қызығы, бұл ойыншы 2005-2013 жылдар аралығында париждік клуб академиясында тәлім алған. Тіпті "ПСЖ" командасы тарихында алаңға шыққан ең жас ойыншы (16 жас, 8 ай, 4 күн) рекордына да ие.