Дәурен Елеусінов WBC International белбеуін иелене алмады

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Дәурен Елеусінов орта салмақтағы екінші деңгейлі WBC International чемпиондық белбеуі үшін өткен жекпе-жекте жеңіске жете алмады. Отандасымыз мексикалық Хуан Карлос Рэйгосқа төрешілер шешімі бойынша есе жіберді.

Мехикода өткен жекпе-жекте екі боксшы 12 раунд бойы жұдырықтасты. Бастапқыда бұл кездесу Гвадалахарада (Мексика) өтуі тиіс болған. Бірақ онда адамдардың көп жиналуына байланысты осында ауыстырылған-ды.

34 жастағы қазақстандық боксшы мансабында алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Осыған дейін өткізген 8 жекпе-жегінде де жеңіске жеткен еді. Ал мексикалық боксшы болса шаршы алаңдағы 16-шы жеңісін тойлады. 3 кездесуінде қарсыласымен тең түссе, 15 рет жеңіліп қайтқан боксшы. Кәсіпқой бокстағы жолын 2010 жылы бастаған.

Айта кетейік, WBC International белбеуі канадалық боксшы Стивен Батлер чемпион Риота Муратамен жұдырықтасуға келіскеннен кейін бос қалған. Бір кездері бұл белбеуді канадалық Давид Лемье және британдық Крис Юбенк (үлкені) те беліне таққан.