Ұлттық құрама капитаны кәсіпқой боксқа ауысты

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы капитаны Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой боксқа ауысты. 28 жастағы спортшы алдына зор мақсат қойып отыр.

Боксшының келісімшартқа қол қойғаны жайлы MTK Kazakhstan менеджерлік компаниясы бүгін хабарлады. Қамшыбек әуесқой бокстан да алыс кетпейді. Себебі келер жылға шегерілген Олимпиада ойындарында 91 килодан жоғары салмақта бақ сынайтын болады.

- Мен MTK Global-мен келісімшартқа қол қойғаныма өте қуаныштымын. Мансабымда қол жеткізген жетістіктеріме көңілім толады. МТК және Асқар Саликбаевпен (MTK Kazakhstan басшысы) бірге жаңа жетістік шыңын бағындырарыма сенімдімін.

Алға үлкен мақсат қойып отырмын. Қазақстанды зор мақтанышпен әлемге танытып, өзімнің мықтылығымды танытқым келеді, - дейді боксшы MTK Global cайтына берген сұхбатында.

Қамшыбек Қоңқабаев Қазақстан чемпионатында талай рет топ жарған боксшы. Әлем және Азия чемпионатының финалында бақ сынаған. Наурыз айында Иордания елінің астанасы Амманда өткен лицензиялық турнирде Токио Олимпиадасы жолдамасын жеңіп алған. Келер жылы Олимпиада ойындарында алғаш рет қатысуы мүмкін.

MTK Kazakhstan менеджерлік компаниясының филиалы елімізде 2019 жылдың наурыз айында ашылған. MTK Global-дың үздіктері қатарында ұлыбританиялық әлем чемпионы Тайсон Фьюри мен екінші орта салмақта WBO белбеуі иегері Билли Джо Сондерс бар.

Қазақстандағы филиалы құрамында еліміздің боксшылары да аз емес. Жанқош Тұраров, Виктор Коточигов, Али Балоев бар. Ақпан айында Азия чемпионы Тұрсынбек Құлахмет келісімге қол қойған. Бірақ оның алғашқы жекпе-жегі пандемияға байланысты өтпей қалған-ды. 1 маусым күні компания қазақстандық боксшы Талғат Шайкенмен де келісімшартқа қол қойғанын хабарлаған. Бүгін бұл қатарды Қамшыбек Қоңқабаев толықтырды.