Икер Касильяс спорттағы мансабын аяқтады

Испандық танымал қақпашы Икер Касильяс футболдағы мансабын аяқтады. Бұл туралы өзінің instagram желісіндегі парақшасында хабарлады.

2019 жылдың мамыр айында спортшы инфаркт алып, жүрегіне операция жасатты. Емделу уақыты ұзаққа созылса да, жасыл алаңға шығуды күткен. Бірақ денсаулығына байланысты қақпашы мансабын аяқтау жайлы шешім қабылдады.

Икер Касильяс мансабын "Порту" командасы сапында аяқтады. Ал оған дейінгі бар ойынын "Реалда" өткізген. Мадридтік клубтың түлегі.

Қақпашы "корольдік клуб" сапында 5 рет Испания чемпионы, 2 рет Испания кубогы иегері, 4 рет Испания Суперкубогын иеленді. Чемпиондар лигасында 3 рет топ жарды. 2 рет УЕФА Суперкубогын ұтып алды. Сондай-ақ клубтар арасындағы әлем чемпионатында да жеңіс тұғырына көтерілген спортшы.

Касильяс ұлттық құрама сапында да жарқын ойынымен көзге түскен талант иесі. Испания құрамасымен әлем чемпионы атанды. Екі рет Еуропа чемпионы атағына қол жеткізді.