UFC Хабиб Нурмагомедовтің жекпе-жегі жайлы хабарлады

UFC Хабиб Нурмагомедовтің жекпе-жегі жайлы хабарлады
Фото: Eurosport

Аралас жекпе-жектен UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов (28-0) келесі жекпе-жегін уақытша титулдың иегері Джастин Гэтжиге (22-2) қарсы өткізеді.

UFC ұйымы Хабиб Нурмагомедов – Джастин Гэтжи арасындағы жекпе-жек жайлы ресми хабарлады. Айқас 24 қазан күні UFC 254 турнирі аясында өтпек.

Жақында Хабиб Нурмагомедовтің әкесі әрі бапкері Абдулманап Нурмагомедов көз жұмды. 25 сәуір күні пневмониямен ауруханаға түскен ол кейін Мәскеудегі ауруханалардың біріне ауыстырылды. Инсульт алған соң жүрегіне ота жасалып, комаға түскен. Қайғылы жағдайдан соң Хабиб Нурмагомедов күзде жекпе-жек өткізбейді деген ақпарат тараған болатын.

Хабиб Нурмагомедов 2018 жылы жеңіп алған чемпиондық белбеуін үшінші мәрте қорғамақ. Ал Джастин Гэтжи мамыр айында отандасы Тони Фергюсонды жеңіп, уақытша чемпиондық титулды иемденген болатын.

А. Рысдәулет