Қазақ боксшылары Минск төрінде жеңіске жетті

Қазақ боксшылары Минск төрінде жеңіске жетті

Беларусь астанасы Минск қаласында қазақстандық Suleimen промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен бокс кеші өтті.

Кештің негізгі кардында қазақ боксшылары шаршы алаңға шықты. Алғашқылардың бірі болып Евгений Павлов жекпе-жегін өткізді. Ол кәсіпқой рингке алғашқы қадамын жеңіспен бастады. Евгений Павлов венгриялық Патрик Хорватқа қарсы жекпе-жекте екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. 

Артынша шаршы алаңға көтерілген 2019 жылғы Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет тағы бір венгриялық боксшы Тамаша Ласкуды нокаутқа түсірді. Жақында кәсіпқой боксқа ауысқан ол жекпе-жегін бірінші раундта-ақ аяқтады. 

Аса ауыр салмақта жұдырықтасқан Нұрсұлтан Аманжолов босниялық Дражан Джананинмен қолғап түйістірді. Екі раунд бойы қарсыласын соққының астына алып еш мүмкіндік қалдырмаған соң қарсылас боксшының командасы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. 

Кештің басты жекпе-жегінің бірінде Нұрсұлтан Жаңабаев жеңіліс тапты. Франциялық Сэнди Мессаудқа қарсы өткен жекпе-жек жеті раундқа созылды. Төреші қазақстандық боксшының жарақатына байланысты жекпе-жекті тоқтатуды жөн деп шешіп, қазылар жеңісті француз былғары қолғап шеберіне берді. Осылайша Нұрсұлтан Жаңабаев жартылай орта салмақтағы WBA Intercontinental, WBO Oriental, IBF AustralAsia белбеулерінен айырылды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от

Екінші орта салмақта WBO Global, WBC Asia, WBA International белбеулерінің иегері Айдос Ербосынұлы бірінші және үшінші раундта қарсыласы  Нуху Лавальді нокдаунға түсіріп, жекпе-жекті толығымен өз пайдасына шешті. Нәтижесінде төрешілер жеңісті бірауыздан қазақстандық боксшыға берді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от

А. Рысдәулет