Жалғас Жұмағұловтың UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін қайдан көруге болады?

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов UFC ұйымындағы бірінші жекпе-жегін шілденің 11-інен 12-не қараған түні "Жауынгерлер аралында" Раулиан Паиваға қарсы өткізеді.

Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін 13 маусым күні америкалық спортшы Джордан Эспинозаға қарсы өткізуі керек еді. Алайда коронавирус пандемиясының салдарынан бұл кездесу өтпеді.

Кейін белгілі болғандай Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі дебютін 11 шілде күні өткізетін болды. Абу-Дабидегі "Жауынгерлер аралында" өтетін UFC 251 кешінде қазақстандық спортшы бразилиялық Раулиан Паиваға (19-3) қарсы жұдырықтасады.

Қазақстандықтар UFC 251 турнирін шілденің 11-інен 12-не қараған түні Нұр-Сұлтан уақытымен 03:55-те Qazsport арнасынан тікелей эфирде көре алады. 

Күні кеше белгілі болғандай, жартылай орта салмақта UFC рейтингінің көшін бастап тұрған Гилберт Бёрнс коронавирус жұқтырып, турнирге қатысудан бас тартқан. Енді  Хорхе Масвидаль оның орнына Камар Усманға қарсы жұдырықтасады.

Сонымен бірге қазақстандық Шавкат Рахмонов жарақат алуына байланысты UFC Fight Night 174 турниріне қатыспайтын болды. Шавкат Рахмонов UFC-дегі дебютінде ресейлік Рамазан Эмеевке қарсы жұдырықтасуы қажет еді.  UFC Шавкат Рахмоновтың орнына жекпе-жекке неміс спортшысы Никлас Штольцтің шығатынын растады. Неміс спортшысы масанбында 12 жекпе-жегінде жеңіске жетсе, үш қарсыласына есе жіберген.

 
Бөлісу: