UFC: Шавкат Рахмоновтың алғашқы қарсыласы анықталды

UFC: Шавкат Рахмоновтың алғашқы қарсыласы анықталды
Фото: Vesti.kz

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов UFC-дегі алғашқы жекпе-жегінде кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды.

Шавкат Рахмонов UFC-дегі дебютін 21 науыз күні UFC Fight Night 171 турнирінде поляк Бартож Фабинскийге қарсы өткізуі қажет болатын. Алайда коронавирус пандемиясының кесірінен барлық спорт іс-шарасы уақытша тоқтаған.

Енді қазақстандық файтер 15 шілде күні Абу-Дабиде өтетін турнирде бақ сынайды. Шавкат Рахманов UFC-дегі алғашқы жекпе-жегінде ресейлік Рамазан Эмеевпен жұдырықтасады. 33 жастағы ресейлік спортшы UFC аясында үш жекпе-жек өткізіп, екеуінде жеңіске жеткен.

"Номад" лақап атымен танымал Шавкат Рахмонов қазақстандық спортшылардың арасынан бірінші болып әлемнің ең беделді ұйымы UFC-мен келісімшартқа отырған болатын. Ол бұған дейін M-1 Global тұжырымда 12 жекпе-жек өткізіп, бәрінде уақытынан бұрын жеңіске жеткен. Оған қоса соңғы екі жекпе-жегінде чемпиондық белбеуін қорғады. 

Айта кетейік, күні кеше Мария Агапова қазақстандық спортшылардың арасынан UFC-де жеңіске жеткен алғашқысы атанды. Ол UFC Fight Night 172 турнирінде Ханна Сайферспен кездесіп, жеңіске жетті

Сондай-ақ, жақында Жалғас Жұмағұловтың беделді UFC ұйымындағы алғашқы жекпе-жегі қашан және кімге қарсы өтетіні белгілі болды. Қазақстандық файтер UFC-дегі дебютін 11 шілде күні өткізеді. Абу-Дабидегі "Жауынгерлер аралында" өтетін UFC 251 кешінде қазақстандық спортшы бразилиялық Раулиан Паиваға (19-3) қарсы жұдырықтасады.

(Ultimate Fighting Championship) –  аралас жекпе-жектен әлемдегі ең беделді әрі танымал спорттық ұйым. Бас кеңсесі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан. Бүгінде UFC-дің кез келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарна арқылы миллиондаған жанкүйер жинайтын ауқымды шараға айналған. Кәсіпқой ережесіз жекпе-жек шеберлері осы ұйым аясында бақ сынауды мақсат тұтады.

 
А. Рысдәулет