Чемпиондар және Еуропа лигасы жаңа форматта өтеді

УЕФА Чемпиондар және Еуропа лигасының 2019/20 маусымын аяқтау жоспарын жасады.

Чемпиондар лигасының 1/8 финалы аясындағы "Ювентус" - "Лион" және "Барселона" - "Наполи" кездесулерінің қарымта ойындары Турин мен Барселонада өтеді. Содан кейін турнир "Сегіздің финалы" форматында аяқталады.

Чемпиондар лигасының ширек финалы 8-9 тамыз аралығында өткізілуі мүмкін. Лиссабонда 12 тамызда 8 команда қатысатын плей-офф форматындағы шағын турнир жоспарланған. Ойындар Хосе Алваладе мен Эстадио да Луш стадиондарында жанкүйерлерсіз өтеді.

Еуропа лигасы да осы форматта Германияда өтеді деп күтілуде. Ал Еуропа Суперкубогын Венгрия астанасы Будапешт қабылдайды. 

Айта кетейік, барлық футбол турнирі наурыз айында әлемді жайлаған коронавирус пандемиясының кесірінен тоқтаған болатын.