Токио Олимпиадасының жаңа мерзімі бекітілді

Жапония билігі мен  Халықаралық Олимпиада комитеті Токио Олимпиадасы мен Паралимпиада ойындарының жаңа мерзімін бекітті. 

24 наурыз күні әлемдегі коронавирус пандемиясына байланысты ХОК басшысы Томас Бах Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэның Олимпиаданы бір жылға шегеру туралы ұсынысын қабыл алған болатын. Биыл 24 шілде мен 9 тамыз аралығында өтуі қажет болған Олимпиада ойындары 2021 жылға қалды. 

Өтпей қалған Олимпиадалар

NHK Жапония телерадио компаниясының мәліметінше, Токио Олимпиадасы 2021 жылдың 23 шілдесі басталып, 8 тамыз күні аяқталады. Ал Паралимпиада 24 тамыз бен 5 қыркүйек күндері аралығында өтеді.

Олипиаданың жаңа мерзімін бекіту үшін Халықаралық Олимпиада комитеті, Жапония мен Токио қаласының билігі және "Токио-2020" ұйымдастыру комитетінің өкілдері телефон арқылы конференция өткізді.  Бұл шешімді қабылдау барысында тараптар 2020 жылдың 17 наурызында ХОК Атқарушы комитеті бекіткен негізгі үш қағиданы ұстанды. 

1. Спортшылар мен барлық қатысушылардың денсаулығын сақтау, сонымен қатар, COVID-19 індетінің тежелуін қолдау; 

2. Спортшылар мен олимпиадалық спорт түрлерінің ұстанымын қорғау; 

3. Ғаламдағы халықаралық спорт күнтізбесі. 

Ұйымдастырушылар Олимпиаданы көктемде немесе жазда өткізу туралы мәселені қарастырған болатын. Өткен аптада Токио ойындарының келесі жылға ауыстырылатыны жарияланғанда, әлемдегі ең ірі спорттық оқиғаның жаздан қалмай ұйымдастырылатыны айтылды. 

Жиын барысында жазғы спорт түрлеріндегі барлық халықаралық федерациялар мен ұлттық олимпиадалық комитеттер қабылданған шешімді қолдады. 

Айта кетейік, коронавирус пандемиясына байланысты әлемде барлық ірі спорттық іс-шаралар тоқтады. Жақында футболдан Еуропа чемпионаты да бір жылға шегерілгені белгілі болған еді.

Бөлісу: