Қазақстан Олимпиаданы кейінге шегеруді қолдады

Қазақстан Олимпиаданы кейінге шегеруді қолдады
Фото: Sputnik

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарының өткізілу уақытының өзгергеніне байланысты мәлімдеме жасады.

"Олимпиада ойындарының өткізілу уақытын өзгерту, біріншіден, спортшылар үшін оңтайлы шешім. Спортшылардың амандығы біз үшін әрдайым бірінші орында деген ұстаныммен Олимпиада ойындарының шегерілгенін қолдаймыз. 2021 жылғы Олимпиада ойындары спортшылар үшін қауіпсіз әрі барлық жағдай жасалады деп сенеміз. COVID-19 вирусының үздіксіз таралуы әлемге айтарлықтай кері әсерін тигізіп, барлық сала зардап шегуде. Соның ішінде, аталған індет спорт әлемін де айналып өтпеді. Бірақ спортшылардың жаттығуын тоқтатпай, үй жағдайында өздері ғана спортпен шұғылданып қоймай, жанкүйерлерді де спортпен айналысуға шақырғаны қуантады.

Қазақстан ҰОК Халықаралық Олимпиада комитетімен, Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті және халықаралық федерациялармен тығыз қарым-қатынаста. Сондай-ақ, ынтымақтастықты одан әрі жалғастырады", - делінген Қазақстан ҰОК президенті Тимур Құлыбаевтың мәлімдемесінде.

Айта кетелік, қазіргі таңда отандық спортшылардың барлығы үйінде үкімет ұсынған алдын алу шараларын сақтап отыр. Қазақстан ҰОК жақын арада ұлттық федерациялармен Олимпиада ойындарының кейінге шегерілуіне байланысты олимпиадалық спорт түрінен ұлттық командалардың 2020 жылғы күнтізбесін талқылайтын болатын.

Еске сала кетейік, Халықаралық Олимпиада комитеті мен Жапония үкіметі бүгін, 24 наурызда біріккен мәлімдеме жасады. Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мен ХОК президенті Томас Бах Олимпиада ойындарына қатысты бір шешімге келді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы берген ақпаратқа сәйкес бүгінгі жағдайды ескере отырып, ХОК президенті мен Жапония премьер-министрі спортшылар мен Олимпиадаға қатысушылардың, халықаралық ұйымдардың қауіпсіздігін ойлап, Токиодағы Олимпиада ойындарын 2021 жылдың жазына өткізу туралы шешім қабылдады.

 
А. Рысдәулет