Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан екі команда анықталды

Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан алғашқы екі команда белгілі болды. Олар – "Аталанта" (Италия) мен "Лейпциг" (Германия).

"Аталанта" футбол клубы 1/8 финалда Испанияның "Валенсия" командасын жарыс жолынан шығарды. Италиялық клуб өз алаңында өткізген бірінші ойында 4:1 есебімен жеңіске жетсе, түнде өткен қарымта кездесуде де 4:3 есебімен жеңіске жетті. Тағы бір қызығы, "Аталанта" командасындағы төрт голды да Йосип Иличич соқты. Осылайша Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңіндегі сырт алаңда покер жасаған алғашқы ойыншы атанды.

"Валенсия" мен "Аталанта" арасындағы қарымта ойында коронавирус инфекциясына байланысты жанкүйерлер болған жоқ.

Германияның "Лейпциг" командасы да ширек финалға оңай өтті. Англияның "Тоттенхэм" клубын екі ойында да ұтты. Лондонда 1:0 есебімен жеңіске жетсе, түнде өз алаңында 3:0 есебімен басым түсті. Ойында Марсель Забитцер дубль жасаса, Эмиль Форсберг бір голды өз еншісіне жазды.

Бүгін түнде "Ливерпуль" - "Атлетико" және "ПСЖ" - "Боруссия Д" командалары арасында қарымта кездесулер өтеді.