Абылайхан Жүсіпов сүрініп, Василий Левит финалға шықты

Абылайхан Жүсіпов сүрініп, Василий Левит финалға шықты
Фото: kfb.kz

Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиаданың лицензиялық турнирінде қазақстандық былғары қолғап шебері Василий Левит финалға жолдама алды.

91 кило салмақта жартылай финалда Василий Левит иорданиялық Хусейн Лашайшпен кездесіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. 

69 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Абылайхан Жүсіпов жартылай финалда үнді боксшысы Викаш Киршанмен кездесті. Кәсіпқой рингте де жұдырықтасып жүрген үндістандық жекпе-жекті қарқынды бастады. Алғашқы екі раундта төрешілер басымдықты Викаш Киршанға бергенімен, үшінші раундта Абылайхан Жүсіпов мықтырақ болды. Алайда бұл жеңіске жетуде жетпеді.

Бүгін қазақстандық боксшылардың ішінен алғаш болып шаршы алаңға шыққан Закир Сафиуллин иорданиялық Обада Алкасбехті үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен жеңді.

Олимпиада іріктеуі турнирінде Қазақстан құрамасының сапынан жеті боксшы 1/2 финалға өткен еді. Олар: Закир Сафиуллин (63 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келіге дейін), Василий Левит (91 келіге дейін), Серік Теміржанов (57 келіге дейін), Әбілхан Аманқұл (75 келіге дейін), Бекзат Нұрдәулетов (81 келіге дейін) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келіден жоғары).

Кешкі (21:00) сессияда Серік Теміржанов (57 келіге дейін), Әбілхан Аманқұл (75 келіге дейін) мен Бекзат Нұрдәулетов (81 келіге дейін)  финал жолдамасына таласады. Ал Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев аустралиялық Джастис Ханиге қарсы жекпе-жекке шығудан бас тартты.

Естеріңізге сала кетейік, қазірдің өзінде Қазақстан құрамасының қоржынында сегіз Олимпиада жолдамасы бар. Серік Теміржанов, Закир Сафиуллин, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Бекзат Нұрдаулетов, Василий Левит, Қамшыбек Қонқабаев және Надежда Рябец Токио Олимпиадасының лицензиясын иемденді.

А. Рысдәулет