Қазақстан құрамасы Олимпиаданың тағы төрт жолдамасын иеленді

Қазақстан құрамасы Олимпиаданың тағы төрт жолдамасын иеленді
Фото: olympic.kz

Халықаралық велошабандоздар одағы (UCI) тректегі велоспорттан Токио Олимпиадасының жолдама иегерлерін ресми бекітті.

Берлинде өткен тректегі велоспорттан әлем чемпионатында қазақстандық шабандоздар жоғары нәтиже көрсеткендіктен қоржынымызға үш жолдама түсті. Токио Олимпиадасына ел құрамасынан үш санат (спринт, омниум және кейрин) бойынша екі спортшы қатысады. Олардың тізімін Қазақстан велоспорт федерациясы кейінірек ұсынады.

Қазақстан құрамасына тиесілі жолдаманы алу жолында Артем Захаров пен Сергей Пономаревтің көп еңбегі сіңді. Аталған спортшылар Берлинде өткен әлем чемпионатында үздік ондыққа ілінген болатын. Айта кетерлігі, спринт бойынша Қазақстан тарихи жолдамаға қол жеткізіп отыр. Себебі осы уақытқа дейін қазақстандық спортшылар аталған санат бойынша Олимпиада ойындарына қатыспаған.

– Бұған дейін шосседен төрт жолдама қоржынымызға түскен еді. Үш шабандозымыз топтық жарыста, біреуі жеке сында өнер көрсетеді. Бүгін қоржынымыз тағы үш жолдамамен толығып, еліміздің тарихында алғаш рет Олимпиадаға спринтерлер барады, - дейді Қазақстан Велоспорт Федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 7 жолдама бар. Оның төртеуі тректегі шабандоздарымызға тиесілі. Ал қалған үшеуі шоссе спортынан. Олимпиадалық санаттың регламентіне сәйкес жолдамалар мемлекеттердің әлемдік рейтингтегі орынына қарай берілді. Рейтингтік ұпайлар жинау 2018 жылдың қазан айының 22-нен бастап 2019 жылғы 22-қазан аралығында өтті. 

Осы уақыт аралығында шоссе велоспортынан Қазақстан 3259.35 ұпай жинады. Бұл біздің құрамамызға Әлемдік рейтингте 19-орынға жайғасуға мүмкіндік берді. Естеріңізге сала кетсек, 1-орында Франция, 2-орында Бельгия және Италия командасы үздік үштіктің қатарын толықтырды.

Қазақстан құрамасының осы көрсеткішінің нәтижесінде командаға  үш жолдама берілді. Сонымен берілген жолдамаларды  UCI ресми түрде растады. Осылайша, 2020 жылы өтетін Олимпиада ойындарында топтық жарыс бойынша үш шабандоз Қазақстан намысын қорғайды. Осы үштік арасынан тағы бір шабандоз жекелей жарысқа қатыса алады.

 

А. Рысдәулет