Футболдан Қазақстан чемпионаты басталды

Футболдан Қазазақстан чемпионатының жаңа маусымы басталды. Алғашқы тур матчтары екі күнге бөлінген.

Алматының Орталық стадионында "Қайрат" "Таразды" қабылдады. Күннің күрт құбылып, қар жауғанына қарамастан стадионға келген көрермендердің қарасы көп болды. Дегенмен тоқтамай жауған қар қос командаға нағыз футбол көрсетуге мұрша бермеді. Матчтағы алғашқы голды "Қайраттың" ойыншысы Конрад Вржещиньский әдемі соққымен соқты.  Алайда ұзақ уақыт өтпестен қонақтар таразы басын теңестіріп үлгерді. Бұдан кейін қос команда сылбыр ойын өрнегін көрсетіп, екінші таймның орта тұсына дейін қауіпті сәттермен көзге түспеді.

Тек ойын соңына қарай "Қайраттың" сапында футболшылар алмасып, шабуылы күшейе түсті. Матчтың бас төрешісі "Тараздың" өз қақпасының маңында ереже бұзған алғашқы сәтіне көз жұма қараса, екіншісінде пенальти белгіледі. "Қайраттың" ойыншылары 11 метрліктен тек үшінші соққысымен гол соқты. Кездесу соңында "Тараздың" гол соғатын тамаша мүмкіндігі болғанымен, жойқын соққы қақпа маңдайшасына тиіп, кері қайтты.

"Қайрат" – "Тараз" 2:1 (1:1)

Голдар: Вржещиньский 24', Айымбетов 83' - Цатл 28'