Арман Оспанов Расул Мирзаевты есінен тандырды

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Арман "Сұңқар" Оспанов Алматыда өткен АСА 105 турнирінде ресейлік Расул Мирзаевты бірінші раундта нокаутпен ұтты. 

Ресейлік спортшы жекпе-жекті ширақ бастаған. Қорғана жүріп шайқасқан Арман қарсыласының осал тұсын тапты. 

- Бразилиялықтан жеңілгеннен кейін Қазақстанда жекпе-жек өткізбеймін деп ойлағанмын. Қолдаушыларым барда, командам барда қайта оралдым, - деді жекпе-жек соңынан отандасымыз. 

Қазақстандық Асылжан Бақытжанұлы да жарқын жеңіске жетті. Испан спортшысы Даниэль Толедоны бірінші раундта нокаутпен ұтты. Қарсыласы жағына тиген жойқын соққыдан кейін жер құшты. 

Асылжан жекпе-жекті ширақ бастады. Қарсыласын әр сәт бақылауда ұстап, кездесуді ерте аяқтауға ұмтылды. Қарсыласының қателігін күтіп, өз мүмкіндігін мүлт жібермеуге тырысты. Қазақстандық спортшының жағынан ұрған бірнеше соққысы дәл тиіп, қарсыласы нокаутқа түсті. 

Алматыдағы жекпе-жектерде қазақстандық спортшылар жиналған жұртқа жарқын жеңіс сыйлады. Нұрсұлтан Қасымханов (10-2) беларусь спортшысы Иван Жвирблияны (7-5), Евгений Егембердиев (11-2) поляк Карол Селинскиді (17-9) бірінші раундта жеңіп шықты. Артем Резников ресейлік Хамзат Аушевті қылқындыру әдісімен ұтты. Ал жарақат алып қалған Ермек Тлауов ресейлік Алихан Сулеймановқа жол берді.