UFC турнирінің басты жекпе-жегіне кімдер шығады?

UFC турнирінің басты жекпе-жегіне кімдер шығады?
Фото: Trendsma

Биыл жазда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін UFC турнирінің басты жекпе-жегінде ресейлік Петр Ян мен бразилиялық Марлон Мораес жұдырықтасуы мүмкін.

MMA Junkie мәліметінше, спортшылар әлі жекпе-жек өткізу туралы келісімшартқа ресми қол қоймаса да, ауызша бір келісімге келген. UFC рейтингінде Петр Ян үшінші орында тұрса, Марлон Мораес көш бастап тұр. Жекпе-жектің жеңімпазы жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеудің иегері Генри Сехудомен кездесуге мүмкіндік алады.

Марлон Мораес мансабында 30 жекпе-жек өткізіп үлгерген. Оның 23-інде жеңіске жетсе, 6 қарсыласына есе жіберді. Тағы бір жекпе-жегінде тең түскен. Ал Петр Ян болса 13 қарсыласынан басым түссе, екі кездесуінде ұтылған.

Күні кеше жақында UFC ұйымымен келісімшартқа отырған Жалғас Жұмағұловтың қашан және кіммен жекпе-жек өткізетіні белігілі болған еді. Ол UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін 13 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында өткізеді. Қарсыласы америкалық Джордан Эспиноза болмақ. Ол мансабында 21 жекпе-жек өткізіп, жетеуінде жеңіліс тапса, 14 қарсыласын ұтқан. 

Сондай-ақ Қазақстандағы UFC турнирінде M-1 Global чемпионы болған Шавкат Рахмонов шығуы мүмкін. Ол UFC-дегі бірінші жекпе-жегінде 21 наурыз күні Лондон қаласында өтетін Fight Night 171 турнирінде поляк Бартож Фабинскиймен жұдырықтасады. Сондай-ақ Жалғас Жұмғұлов ресейлік "Спорт-Экспресс" басылымына берген сұхбатында жақында командаласы Сергей Морозовтың да UFC-ге өтуі мүмкін екенін және Нұр-Сұлтандағы кеште Арман Оспанов екеуі жекпе-жек өткізуі ықтимал екенін айтқан еді.

Бұған қоса Мария Агапова (8-1) UFC-мен келісімшартқа отырған тұңғыш қазқстандық спортшы қыз атанды. 22 жастағы спортшы соңғы жылы Invicta FC промоушенінде екі жекпе-жек өткізіп үлгерді. Қыркүйек айында америкалық Алекс Коннерсті (5-4) бірінші раундта жеңсе, қарашада Бразилия өкілі Марилия Сантосты (10-4) ұтты.

UFC (Ultimate Fighting Championship) – аралас жекпе-жектен әлемдегі ең беделді әрі танымал спорттық ұйым. Бас кеңсесі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан. Бүгінде UFC-дің кез келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарна арқылы миллиондаған жанкүйер жинайтын ауқымды шараға айналған. Кәсіпқой ережесіз жекпе-жек шеберлері осы ұйым аясында бақ сынауды мақсат тұтады.

А. Рысдәулет