"Астана" футбол клубының логотипі ауысты

"Астана" футбол клубының логотипі ауысты
Фото: fca.kz

"Астана" футбол клубы жаңа логотипін таныстырды. Өзгерту бойынша жұмысты аяқтаған шығармашылық топ түс гаммасын, сондай-ақ негізгі элементтерді – "astana football club" жазуы мен футбол добын қалдыруды ұйғарған.

Клубтың ресми сайты хабарлағандай, тарихи дәстүрді жалғастыру мақсатында бұрынғы таңбадағы түстер қалдырылған.

- Көк түсті бүкіл түркі жұрты қасиет тұтады, әрі ол дархан Қазақстанның ашық аспанының, бақ-берекесінің символы. Осы элементтер жеңіс, қорғаныс, атақ пен даңқтың белгісі болған қалқанға орналастырылды.

Сондай-ақ, логотипке клубтың негізі қаланған жылын, Нұр-Сұлтан жазбасын қосу туралы шешім қабылданды. Себебі, "Астана" футбол клубы ішкі және халықаралық аренада қаланың намысын қорғайтын бірден-бір клуб екендігі баршаға аян. Бидай масақтарынан жасалған гүл шоғыры – біздің қаланың тарихи астық өлкесі екендігін білдірсе, сондай-ақ Қазақстан чемпионатындағы жеңістерді бейнелейтін чемпиондардың гүл шоғыры екендігін айқындап тұр.Ал екі жұлдыз – бұл "Астана" футбол клубының 6 чемпиондығының дәлелі. Өйткені, Қазақстан Премьер-Лигасының регламенті бойынша клуб елдегі әрбір үшінші чемпиондық үшін өз логотипіне бір жұлдыздан қосуға құқылы, - деп жазды клуб ресми хабарламады.

Клуб байқауға қатысқан барлық қатысушыларға ерекше алғыс білдіріп, сүйікті командаларының жаңа келбетінің өмірге келуімен құттықтады.

Н. Үсенова