Негізгі / Лайфстайл / Спорт / Жаңалықтар / Батыр Жүкембаев тәжірибелі мексикалық боксшымен жұдырықтасады
Батыр Жүкембаев тәжірибелі мексикалық боксшымен жұдырықтасады

Жеңілістің ащы дәмін татпаған боксшы Батыр Жүкембаевтың кезекті жекпе-жегіндегі қарсыласының есімі белгілі болды. "777" лақап атымен танымал қазақстандық былғары қолғап шебері қаңтар айының соңында шаршы алаңға шығады. 

25 қаңтар күні Канаданың Монреаль қаласындағы Montreal кешенінде өтетін бокс кешінің басты жекпе-жегінде Батыр Жүкембаев мексикалық Рикардо Ларамен жұдырықтасады. Батыр бұл жекпе-жекте жартылай орта салмақтағы өзіне тиесілі WBA Continental Americas және IBF Inter-Continental белбеулерін қорғайды.

Негізі Батыр Жүкембаев алғашында аргентиналық боксшы Максимилиано Рикардо Веронға (12-3-1, 4 КО) қарсы жекпе-жек өткізу қажет болатын. Алайда Рикардо Верон Канадаға виза ала алмай, жекпе-жекке шығудан бас тартты. Оның орнына Рикардо Лара жекпе-жек өткізеді. 27 жастағы боксшы мансабында 29 жекпе-жек өткізіп, 22 кездесуінде жеңіске жеткен. 10 қарсыласын нокаутқа түсірген. Ал қалған 7 айқасында қарсыласына есе жіберген.

Батыр Жүкембаев болса 2015 жылдан бері кәсіпқой бокста өнер көрсетіп келеді. Әлі күнге жеңілістің кермек дәмін татпаған. Мансабында өткізген 17 жекпе-жегінің барлығында қарсыласын жеңіп, 13 айқасын уақытынан бұрын аяқтаған. 

Қазақстандық боксшы соңғы жекпе-жегін өткен жылдың қыркүйек айында мексикалық Мигель Васкеске қарсы өткізген болатын. Екі боксшы екінші деңгейлі WBA Continental және IBF Inter-Continental белбеулері үшін қолғап түйістірді. Жекпе-жек жоспарланған 10 раундқа дейін созылып, отандасымыз төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті. Бір төреші 100-90, қалған екі төреші 99-91 деген есеп тіркеді.

Дайындаған: Айбар Рысдәулет
Фото: vesti.kz
Қосылған күні: 21 қаңтар, 17:40
Ұқсас жазбалар:
Жүкембаев жеңіске жетті Massaget.kz