Қазақстандық теннисші WTA турнирінің жеңімпазы атанды

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Австралияның Хобарт қаласында өткен WTA турнирінің жеңімпазы атанды.

Жүлде қоры 250 мың доллардан асатын турнирдің финалында қазақстандық теннисші қытайлық Чжан Шуайды 7: 6 (9: 7), 6: 3 есебімен жеңді. Кездесу бір сағат 30 минутқа созылды.

20 жастағы Рыбакина әлемнің 30-ракеткасы саналады, ал 31 жастағы Шуай WTA рейтингінде 40-шы орынды иеленген. Бұған дейін теннисшілер бір-бірімен кездеспеген.

Айта кетейік, Хобарттағы турнирдің бірінші раундында Рыбакина Словениялық Тамара Зиданшекті 6:1, 6:4 есебімен жеңсе, екінші айналымда француз қызы Ализе Корнеден басым түсті - 7:5, 6:3. Ширек финалда Қазақстан өкілі австралиялық Лизетте Кабрерамен кездесіп,  6:7, 7:6, 7:5 есебімен жеңді. Жартылай финалда Ұлыбританиядан келген Хизер Уотсонды 6:3, 4:6, 6:4 есебімен ұтты.

Рыбакина үшін WTA турниріндегі жеңіс оның мансабындағы екінші жеңіс болды. Ол өзінің алғашқы титулына 2019 жылдың шілдесінде, BRD Бухарест теннисі бойынша ашық чемпионатта қол жеткізген.

WTA-ның жаңартылған рейтингінде Рыбакина өзінің мансабында тұңғыш рет әлемнің ТОП-30 теннисшілерінің қатарына енді.