Хакан Шүкір: "Ештеңем қалған жоқ, Ердоған бәрін тартып алды"

 Хакан Шүкір: "Ештеңем қалған жоқ, Ердоған бәрін тартып алды"
Фото: fakty.ua

Түркия ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Хакан Шүкір футбол мансабын аяқтағаннан бірнеше жыл өткенде, өмірінің қалай өзгергенін айтып берді. Бұл туралы Mundo Deportivo хабарлады.

Хакан Шүкір футбол мансабын аяқтаған соң, саясатпен айналыса бастады. 2016 жылы әлеуметтік желілер арқылы Түркия президенті Режеп Ердоғанды ашық сынаған. Футболшыны АҚШ-та тұратын жазушы және қоғам қайраткері Фетхулаһ Гүленмен байланысы бар және террористік ұйымға мүше болды деп айыптаған.

Осыдан кейін Хакан Америкаға көшіп, Сан-Францискода кофехана ашқан. Алайда, "белгісіз адамдар" кафеге келе бергесін Хакан полиция бақылауына алынған, оның ісін ФБР тексере бастаған. Ақырында түрік футболының аңызы Вашингтонға қоныс аударып, бұл қалада ол кітап сатып және таксист болып жұмыс істей бастаған.

"Жаңа жұмыстарды үйреніп келе жатырмын. Ештеңем қалған жоқ. Ердоған бәрін тартып алды. Еркін өмір сүру, өз пікірімді ашық білдіру, өзім қалаған жерде жұмыс істеу сынды құқығым тапталды", деген сөзін Mundo Deportivo басылымы жазған.

Түркия футболының аңызы АҚШ-та таксист болып жұмыс істейді

Еске сала кетейік, Түркия ұлттық құрамасында 51 соққан Хакан Шүкір ұлттық құрама тарихындағы ең үздік сұрмерген саналады. 48 жастағы ойыншы 1987-2008 жылдар аралығындағы футбол мансабында "Сакаряспор", "Бурсаспор", "Галатасарай", "Торино", "Интер", "Парма" және "Блэкберн" клубтарында ойнаған. "Галатасарай" сапында сегіз рет Түркия чемпионы, 2000 жылы УЕФА кубогы мен УЕФА суперкубогын жеңіп алған. 1994 жылы Азияның үздік футболшысы, 1997 жылы Әлемнің үздік шабуылшысы атанған.

Т. Раушанұлы