Эль-класико. "Барселона" мен "Реал" тең тарқасты

Эль-класико. "Барселона" мен "Реал" тең тарқасты
Фото: Reuters©

Футбол жанкүйерлері асыға күткен "Барселона" мен "Реал" ойыны да өте шықты. Испания чемпионатының кейінге шегерілген Х турындағы бұл ойында командалар тең тарқасты.

"Камп Ноудағы" ойында гол соғылмады. Гол соғылған, бірақ есепке алынбады. 73 минутта Гарет Бэйл корольдік клубты алға шығарған. Алайда бас төреші VAR көмегіне сүйеніп, голды есепке алмады.

Екі команда да гол соқпаған ойын 17 жыл бұрын болған. 2002 жылдың 24 қарашасында командалар 0:0 есебімен ойнаған еді. Одан бергі аралықтағы барлық ойында гол соғылған.

Қазіргі таңда екі команда да 36 ұпайдан бар. Қосымша көрсеткіштер бойынша "Барселона" бірінші орында тұр. Үшінші орындағы "Севильяда" 31 ұпай бар.

Айта кетейік, екі команда арасындағы ойын 28 қазан күні өтуі тиіс болған. Алайда Каталониядағы наразылық шараларына байланысты кейінге шегерілген еді. Келесі эль-класико 1 наурыз күні Мадридте өтеді.

Н. Үсенова